Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен қазақ және ағылшын тілдерін оқыту курстары Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүйелі әрі жоспарлы түрде жүргізіліп келді. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыс Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының аясында жалғасын табуда.
Басты мақсаты – мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын, халықтың мемлекеттік және ағылшын тілдерін оқып үйренуін қамтамасыз ету, үштілділікті дамыту болып табылады.
Курстың ұзақтығы - 3 ай, дүйсенбі-жұма күндері аралығында күніне 80 минуттан өткізіледі. Бір топта қамтылатын адам саны -15.
Оқыту процесінде бірізділікті қамтамасыз ету мақсатында Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тапсырысымен жалпыұлттық стандарттарға сәйкес 2016-2019 жылдар аралығында бесдеңгейлік «Сарыарқа 2» оқу-әдістемелік кешені әзірленіп, басып шығарылды. Кешен Қазтест қазақ тілін меңгеру стандарты бойынша әр деңгейге арналған оқулықтардан, жұмыс дәптерлерінен, аудиодискілерден тұрады. Бұл оқу-әдістемелік құрал республика аумағындағы үздік кешен деп танылып, Министрлік тарапынан бес мың данада барлық өңірлерге қолдану үшін таратылды. Осыған орай, 2019 жылы Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тілді оқыту әдістемесі: оқу-әдістемелік кешен және цифрлық оқыту мүмкіндіктерін пайдалану» тақырыбында республикалық әдістемелік семинар өткізіліп, Облыстық тілдерді оқыту орталығы қашықтықтан оқыту тәжірибесімен бөліскен болатын.
Сондай-ақ, қазіргі таңда әлемде орын алып отырған пандемияға байланысты, оқыту курстары наурыз айынан бастап қашықтықтан онлайн оқытуға көшірілді. Жалпы, оқытуды цифландыруға көшіру мәселесі Басқармаға қиындық тудырған жоқ, себебі облыстық мемлекеттік мекеме талабы бойынша оқытушылар тарапынан оқыту процесінде жаңа технологиялар кеңінен пайдаланылып, 2018-2019 жылдары 120 адам Skype бағдарламасы арқылы мемлекеттік тілге қашықтықтан оқытылған болатын.
Жалпы, толықтай бір кезеңді қашықтықтан оқыту процесі төмендегідей қадамдар арқылы жүзеге асырылады. Тілдерді қашықтықтан оқыту курстарының ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу үшін Google classroom оңтайлы бағдарламасында әр топқа курс ашылып, тыңдаушылар тіркеледі. Мұғалімдер тыңдаушыларға күнделікті әр сабақтың лексикалық, грамматикалық, тыңдалым, оқылым, жазылым бөліктері бойынша тапсырмаларын, слайдтарын, аудио және бейнематериалдарын жүйелі түрде жолдап отырады. Жаңа сабақтың грамматикалық минимумын оқытушы бейнежазба арқылы түсіндіріп, Socrative, EasyQuizzy бағдарламаларында бекітіледі. Қашықтықтан оқытуда лексикалық минимумды бекіту үшін Quizlet бағдарламасы, ал жазылым жұмыстары үшін Padlet, IDroo тақталары тиімді қолданылады. Айтылым дағдысын қамту үшін тыңдаушылар тапсырмаларды орындап, аудио және бейне жауаптар жіберіп отырады.
Аралық бақылау жұмыстары Socrative онлайн бағдарламасы арқылы тапсырылады. Барлық онлайн бағдарламалардың статистикасы Exсell форматында сақталып, бағаланып, топ үлгерімі қадағалануда. Excell, Classroom бағдарламалары сабақтардың жүйелі өтуін, тыңдаушылардың сабаққа қатысуын, тыңдаушылардың үлгерімін бағалау, статистиканы жүргізіп отыру, мониторинг үшін таптырмас құрал болып табылады.