Қатты отын сатып алу шығындарын өтеуге біржолғы әлеуметтік көмек 16 АЕК мөлшерінде көрсетіледі. Төлем жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне еселенген мөлшерде белгіленген шектен аспайтын халықтың әлеуметтік осал топтарына ғана арналған.
Өңірлердегі шек мынадай мөлшерде белгіленеді, яғни отбасының (адамның) жан басына шаққандағы орташа табысы:
- Қарағанды, Теміртау, Осакаров ауданында-3 еселік күнкөріс мөлшері (КМ);
- Балқаш, Саран, Абай ауданында - 1 КМ;
- Шахтинск, Приозерск, Ақтоғай, Шет аудандарында - 1,5 КМ;
- Қарқаралы және Бұқар жырау аудандарында - 2,5 КМ;
- Нұра ауданында - 2 КМ.
Қарағандыда тұрғын үй иелері болып табылатын жалғыз тұратын зейнеткерлер мен I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін көмір сатып алуға біржолғы әлеуметтік көмек табыс есебінсіз көрсетіледі.
Толығырақ ақпаратты алу үшін тұрғылықты жері бойынша қалалар мен аудандардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне жүгінуге болады.
Жеке ісін ашуға кім грант ала алады? Грант алушылар-халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы ҚР азаматтары. Олардың ішінде-көпбалалы; мүгедек адамдар; мүгедек балаға күтім жасайтын адамдар; асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақы алушылар; атаулы әлеуметтік көмек алушылар; қандастар; қоныс аударушылар.
Жеке ісін ашуға 400 АЕК-ке дейінгі грант беріледі.
Грантқа үміткер болу үшін «Бастау Бизнес» жобасы бойынша курстан өткені туралы сертификат болуы қажет. Кейін бизнес-жоспар жазып, оны комиссия алдында қорғау керек. Осы мәселе бойынша толығырақ қалалар мен аудандардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне хабарласуға болады.
Мүгедектігі бар адамдарға қолдау көрсету
Мемлекет есебінен оңалту құралдарын алуға және қажетті қызметтерді, соның ішінде инватакси мен санаторий -курорттық емдеуді пайдалануға болады. Ол үшін қалалар мен аудандардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне жүгіну қажет.
Ниеті болған жағдайда мүгедектігі бар адамдар жұмысқа орналаса алады. Ол үшін қалалар мен аудандардың мансаптық орталықтарына өтініш беру керек.
Мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік бейімдеу орталықтары да бар. Олар Қарағанды, Балқаш, Теміртау және Абайда орналасқан.