«Ару Ана» республикалық үздік
әйелдер байқауының жеңімпаздарын құрметтеу
2024 жылғы 5 - 20 ақпан аралығында облыста әлеуметтік бағыттағы үздік идеялар мен жобаларды іске асыратын әйел көшбасшыларды қолдауға, біріктіруге және ілгерілетуге бағытталған «АруАна» республикалық үздік әйелдер жобалары байқауына өтінімдерді қабылдау және іріктеу өтті.
Байқау Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен өткізілді және 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне орайластырылды.
Қазақстанның барлық өңірлерінен байқауға 260 жоба ұсынылды. Олардың 20-сы отбасы институтын, әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін қолдауға, балалардың құқықтарын қорғауға, инклюзивті қоғамды, креативті индустрияларды, IT, агробизнесті, сондай-ақ қайырымдылықты дамытуға бағытталған үздік деп танылды.
Біздің облыста ұсынылған 13 жобаның ішінде Баймурзина Әлияның «Жаңа күн» ҚБ жанындағы отбасыларды қолдау орталығы» жобасы (Теміртау қ.) жеңімпаз атанды. Жоба 2018 жылдан бастап жұмыс істейді және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға түзету, психологиялық, медициналық, заңгерлік қолдау көрсетуге бағытталған. Орталық балалар мен жастарға әлеуметтенуге, сондай-ақ еңбек қызметіне кірігуге көмек көрсетеді. Қазіргі уақытта жобамен мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған 63 отбасы қамтылған.
Ағымдағы жылдың 7 наурызында Баймурзина Әлия «Ару Ана» Республикалық үздік әйелдер жобалары байқауының жеңімпаздарымен бірге ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаевамен кездесуге шақырылды.
Аида Балаева жеңімпаздарға мүсін мен гүл шоқтарын табыстап, жобалар Қазақстанның дамуына ықпал ететініне сенім білдірді.
Республикалық конкурстың жеңімпаздары Ұлттық комиссияның 25 жылдығына арналған әйелдер форумына қатысты. Әйелдер үшін керемет мәдени бағдарлама дайындалды: «Аққу көлі» балеті (Астана Опера) және мерекелік концерт (Конгресс Орталығы).