Қазақстан бойынша пилоттық сайлауға енгізілген 42 ауданның ішінде Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы бар. Өңірлердегі сайлау науқанына дайындық барысын зерделеп, жергілікті тұрғындармен бетпе-бет жүздесіп үшін ҚР Орталық сайлау комисссиясының төрағасы Нұрлан Мәжитұлы Әбдіров Қарағанды облысына іс-сапар ұйымдастырды. ОСК Төрағасы алғашқылардың бірі болып ат басын тіреген аймағы Ақтоғай ауданы болды.
Нұрлан Мәжитұлы Ақтоғай аудандық сайлау комиссиясының алдағы сайлауға дайындығын зерделеп, комиссия құрамымен танысып, жергілікті атқару органдарының өкілдерімен дауыс беру кезінде сайлаушыларға тиісті жағдай жасалуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты мәселелерді пысықтады.
Сонымен қатар ОСК Төрағасы Ақтоғай ауданының жастарымен кездесіп, ашық диалог құрып, «Болашақ аудан әкімі қандай қасиеттерге ие болуы керек?» деген сұрақ қойды. Кездесу барысында жергілікті жастар көкейлерінде жүрген түйіткілді мәселелерін ортаға салып, ауданды басқаратын болашақ әкімнің әлеуметтік-психологиялық портретін талқылады. Сондай-ақ жас ұрпақ өкілдері сайлауға белсенді қатысатындарын жеткізді.
Бұдан бөлек ОСК Төрағасы Нұрлан Мәжитұлы Ақтоғай ауданының екі ауылын – Шабанбай би және Қызыларай ауылдарын аралап, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Төраға ауыл тұрғындарынан сайлап алған әкімдерінің қызметіне, тікелей және жанама сайланған әкімдердің қызметтегі айырмашылығын сұрады. Аталмыш ауылдардың ақсақалдары мен жастар қауымы әкімдерінің жұмысына разы екенін білдіріп, халық ауылды басқаратын тұлғаны өздері сайлайтыны жақсы үрдіс екенін атап өтті.
Орталық сайлау комиссиясының мүшелері алдағы екі күнде Қарағанды облысы бойынша пилотқа енген Приозерск қаласы мен Осакаров ауданын аралап, сайлауға дайындығын тексереді.




