Қарағанды облысында партиялық тізімдер тіркелді

15 ақпанда 2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған облыстық мәслихат депутаттарын сайлауда «АМАНАТ» партиясының, «Ақ жол» ҚДП ҚБ, ҚДП ҚБ, «Ауыл» ХДПП ҚБ партиялық тізімдерін тіркеу мәселесі бойынша облыстық сайлау комиссиясының отырысы өтті.

Отырысқа саяси партиялар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Нүркенов ағымдағы жылдың 15 ақпанындағы жағдай бойынша 6 партиялық тізім ұсынылғанын, онда 59 адам тіркелгенін хабарлады.

Саяси партиялардың филиалдары облыстық сайлау комиссиясына партиялық тізімдерді, саяси партияның тиісті филиалының (өкілдігінің) жоғары басшы органының партиялық тізімді ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірмелерді және азаматтардың партиялық тізімге енгізуге келісім беру туралы өтініштерін және тіркеу үшін басқа да қажетті құжаттарды ұсынды.

Облыстық комиссия кандидаттардың Конституциямен және сайлау туралы Конституциялық заңмен қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтау бойынша тиісті рәсімдерді өткізді.

Тексеру нәтижесінде облыстық сайлау комиссиясының өкілдері партиялық тізімге енгізілген барлық адамдар Конституция мен сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келетіндігін анықтады.

Өз құзыреті шеңберінде облыстық комиссия «АМАНАТ» партиясының, «Ақ жол» ҚДП ҚБ, ҚДП ҚБ, «Ауыл» ХДПП ҚБ 4 партиялық тізімін тіркеді.

«АМАНАТ» партиясының партиялық тізімінде - 26 адам, «Ақ жол» ҚДП ҚБ - 7 адам, ҚДП ҚБ - 12 адам, «Ауыл» ХДПП ҚБ – 7 адам тіркелген. Ұсынылған партиялық тізімдерде екі санаттағы өкілдер – әйелдер мен 29 жасқа толмаған адамдар саны әр партияда 30%-дан асты.

Барлық тіркелген үміткерлер тиісті куәліктерін алды.

Осылайша, облыстық сайлау комиссиясы 4 саяси партия ұсынған партиялық тізімдерді тіркеді. Тағы екі партия – «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» ҚБ, «Respublica» партиясы» ҚБ және олардың мүшелері бүгін тіркеледі.

Облыстық комиссия төрағасы Қайрат Нүркеновтың айтуынша, сайлау процесінде жауапты кезең басталады – бұл сайлау алдындағы үгіт.

Сайлау заңнамасына сәйкес сайлау алдындағы үгіт жергілікті уақыт бойынша ағымдағы жылғы 18 ақпанда сағат 18.00-ден кейін басталып, сайлау күніне дейінгі күннің жергілікті уақыты бойынша нөл сағатта аяқталады, яғни 2023 жылғы 18 наурыз.

Сондай-ақ, Нүркенов Қайрат Қаршығаұлы осы үлкен саяси іс-шараның барлық қатысушыларына сайлау заңнамасын қатаң сақтауды еске салды.

Дата публикации
15 февраля 2023