Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің м.а. 2020 жылғы 31 қаңтардағы №39/НҚ бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік қызметтер тізілімі» сәйкес Қарағанды облысының жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік қызметтің 179 түрін және 160 кіші түрін көрсетеді. Оның ішінде 179 мемқызметтен 154 қызмет түрі тегін, 19 түрі ақылы, 6 түрі ақылы және тегін көрсетіледі.
2022 жылы облыста 18 562 110 мемқызмет көрсетілді. Оның ішінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Қарағанды облысы бойынша филиалының бөлімдері (әрі қарай - «Азаматтарға арналған үкімет» МК) арқылы 90 055 мемқызмет көрсетілді. Электронды түрде 18 420 970 мемқызмет көрсетілді. Мемлекеттік органдар арқылы қағаз түрінде 1 948 мемқызмет көрсетілді.
Есепті кезеңдегі неғұрлым сұранысқа ие мемлекеттік қызметтер – денсаулық сақтау саласындағы қызметтер, атап айтқанда:
«Дәрігердің қабылдауына жазылу» қызметі бойынша 13 963 222 (75%) мемқызмет көрсетілді;
«Азаматтардың жекелеген санаттарына дәрілік заттарды, бейімделген емдік өнімдерді, медициналық мақсаттағы бұйымдарды беру» қызметі бойынша 1 391 592 (7%) мемқызмет көрсетілді;
«Жедел медициналық көмек шақыру» қызметі бойынша 596 202 (3%) мемқызмет көрсетілді.
«Бір терезе» қағидаты бойынша мемқызметтердің қолжетімділігі үшін «Азаматтарға арналған үкімет» МК автокөлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәліктерін беру жөніндегі мамандандырылған орталықты қоса алғанда, 22 фронт-офис жұмыс істейді.
Сондай-ақ, шалғай ауылдық округтерге шығып, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдауды жүзеге асыру үшін GPS-навигаторлармен жарақталған 6 ұтқыр ХҚКО-лар жұмыс істейді. Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға мемлекеттік қызмет көрсету үшін мобильді топтар жұмыс істейді.
Облыстың қалалары мен аудандары әкімдерінің аппараттарында «Open Акimat», «Open space» және «Әкімдіктің қоғамдық қабылдауы» жобалары іске асырылды. Бұл жобалар кеңес беру, құжаттарды қабылдау және халыққа бірыңғай терезе және электрондық кезек арқылы көмек көрсету үшін қолайлы алаң құрады. Облыста Қарағанды облысының полиция департаментінде «Көші-қон қызметі бөлімі» және «Азаматтарға арналған үкімет» МК «Цифрлық технологиялар орталығы» жұмыс істейді.
Қызмет алушылардың мемқызметтерді алу тәртібі туралы хабардар болу деңгейін арттыру бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізіліп, семинар-кеңестер, «дөңгелек үстелдер», брифингтер, конференциялар мен өзге де іс-шаралар өткізілді. 2022 жыл ішінде осындай 3 010 іс-шара өткізілді.
Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасында (МО ИРБП) мемқызметтер бойынша іс-шараларды өткізуге қатысты материалдар, әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері, бағалау туралы қорытынды, бақылау іс-шараларын өткізу, заңдар, тиісті заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер, мемқызметтер көрсету бойынша жергілікті атқарушы органдардың жұмысы туралы есептер орналастырылған.
Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру, оның ішінде ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, мемқызметтерді алу мақсатында оқыту жүргізіледі. 2022 жылы «Азаматтарға арналған үкімет» МК 504 ұйымда 4 729 адамды қамти отырып, цифрлық сауаттылық бойынша оқыту іс-шараларын өткізді.
Азаматтардың қызметтер көрсету саласындағы қызмет туралы есептерді қоғамдық талқылауға белсенді қатысуын қамтамасыз ету үшін мемқызметтер көрсету мәселелері барлық деңгейдегі әкімдердің жыл сайынғы есептік кездесулеріне енгізілді. Қоғамдық талқылаулардың қорытындылары әкімдіктердің ресми интернет-ресурстарында орналастырылады.
Барлық меморгандарда және «Азаматтарға арналған үкімет» МК ғимараттарында қызметтер алу, оларға шағымдану, қызметті алу мерзімдері туралы, сондай-ақ 1414 бірыңғай байланыс орталығы туралы ақпарат орналастырылған.
Облыс тұрғындарының сондай-ақ мемқызметтер бойынша сұрақтарға «Сенім 109» бірыңғай үйлестіру орталығы» арқылы да жауап алуына мүмкіндігі бар.
Мемлекеттік орган қызметкерлері мен қызмет алушылардың қарым-қатынасын барынша азайтуды қамтамасыз ету үшін мемқызмет көрсету рәсімдерін электрондық форматқа көшіру бойынша жұмыс жалғасуда.
Облыс халқының мемқызметтерді электрондық нысанда алуға мүдделілігін арттыру үшін облыста халықты БАҚ арқылы тұрақты хабардар ету жүргізіледі, көрнекі жарнама орналастырылады, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ұйымдастырылады, мемқызметтер жәрмеңкесі өткізіледі, буклеттер таратылады, қызмет көрсетушілерді «2-gis.kz» қосымшасына қосу бойынша жұмыстар жүргізіледі.
Қарағанды облысында Өңірлік геоақпараттық жүйе (әрі қарай - ӨГАЖ) іске асырылды.
ӨГАЖ – бұл жергілікті атқарушы орган қызметкерлері үшін аймақ туралы өзекті картографиялық ақпараты бар, бірыңғай ресурста кеңістіктік ақпарат жинауды, жер қатынастары және сәулет саласындағы мемқызметтерді автоматтандыруды, Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрымен және электрондық үкімет порталымен интеграциялау арқылы жер учаскелерін онлайн ұсынуды іске асыруды қамтамасыз ететін бэк-жүйе болып табылатын көп атқарымды веб-портал.
ӨГАЖ толтырудың маңызды компоненттерінің бірі сәулет-қала құрылысы қабаттарын (цифрлық бас жоспарлар, ЕТЖЖ және инженерлік коммуникациялар) цифрландыру болып табылады. Цифрландырылуына қарай ӨГАЖ-ды осы сәулет-қала құрылысы қабаттарымен толтыру 2025 жылға дейін жүргізілетін болады. Облыстық ӨГАЖ-да 8 мемқызмет көрсету үдерістері автоматтандырылған.
Ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындау мақсатында Қарағанды облысында «Талшықты-оптикалық байланыс желілерінің технологиясы бойынша Қазақстан Республикасының ауылдық елді мекендерін кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету» республикалық жобасы іске асырылды. Қазіргі уақытта Қарағанды облысының 349 ауылдық елді мекенінен 224 елді мекен кең жолақты интернетке қосылған.
Жеке және заңды тұлғаларды қолжетімді және сапалы мемқызметтермен, оның ішінде электрондық форматтағы қызметтермен одан әрі қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылы мемқызметтерді «Азаматтарға арналған үкімет» МК, «электрондық үкімет» және «электрондық лицензиялау» порталдары арқылы алу мүмкіндіктері туралы түсіндіру жұмысы жалғасатын болады.
2022 жылы облыстың мемлекеттік органдары мемқызметтер көрсету мәселелері бойынша бақылау іс-шараларының жоспарларын іске асырды. Жыл бойы 350 бақылау іс-шарасы өткізілді.
Тексеру барысында 45 қызмет мерзімінің бұзылу дерегі және 2 шағым түскені анықталған. Осы деректер үшін жауапты тұлғаларға тәртіптік ықпал ету шаралары қолданылды. Нәтижелерді талдау қорытындылары бойынша тиісті ұсыныстар берілді.
Мемқызмет көрсету саласында қызметкерлердің біліктілігін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды облысы бойынша филиалында курстар жүргізіледі, 2022 жылы 104 маман оқытылды.
Облыстың басқармалары, қалалар мен аудандардың әкімдіктері «Мониторинг» АЖ-да мемқызметтерді көрсетудің тұрақты мониторингін жүргізеді.
Қалалар мен аудандардың әкімдіктерінде, облыстық басқармаларда мемқызметтерді көрсету сапасы бойынша іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді.
Мемқызметтер көрсететін мамандарға консультативтік және практикалық көмек көрсету бойынша іс-шаралар тұрақты негізде жүргізіледі.
Қызмет алушылардың мемқызмет көрсету сапасына қанағаттану деңгейін және мемқызмет көрсету саласындағы өзекті мәселелерді анықтау мақсатында Осакаров ауданында әлеуметтік сауалнама жүргізілді.
Зерттеу нәтижелеріне қарағанда мемқызметтер көрсету сапасына қанағаттану деңгейі 95,2% құраған. Зерттеу аясында қызмет алушылардан жаппай сауалнама және тереңдетілген сұхбат жүргізілді. Зерттеу жүргізу үшін сұранысқа ие, әлеуметтік маңызы бар 12 мемлекеттік қызмет түрі енгізілді, облыстың 269 азаматына сауалнама жүргізілді.