14 желтоқсанда облыстық әкімдік ғимаратында селекторлық режимде Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссия төрағасы Ербол Шымкентбайұлы Әліқұловтың төрағалығымен «Кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия қызметінің проблемалық мәселелері» атты облыстық семинар өтті.
Семинарға селекторлық режимде кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі қалалық және аудандық комиссиялары (бұдан әрі - КТІжҚҚЖК), ювеналды соттың, прокуратураның, полиция органдарының және қорғаншылық пен қамқоршылық органдарының өкілдері қатысты.
Қарағанды облысының кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Динара Маратқызы Мутубаева семинарға қатысушыларды сотта істерді қарау барысында туындаған КТІжҚҚЖК қызметіне байланысты проблемалармен таныстырды. Ювеналды соттың кәмелетке толмағандардың істерін қайтаруының себептері айтылды. Істердің қаралмауының себептерінің бірі – КТІжҚҚЖК-ның ұсынған істің материалдары сапасыз дайындалуында.
Қазыбек би атындағы аудан прокуратурасы бөлімінің прокуроры Әсел Бахытжанқызы Сәрсембаева КТІжҚҚЖК-ны тексеру барысында туындайтын мәселелермен бөлісті.
ПД ЖПҚБ ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Факизат Мұқанқызы Төлтаева кәмелетке толмағандарды мамандандырылған ұйымдарға жіберу бойынша полицияның сотпен және КТІжҚҚЖК-мен өзара іс-қимылы және ата-аналарға өздерінің ата-аналық міндеттерін орындамауына байланысты шаралар қабылдау туралы айтты. Полиция бөлімдерінде есепте биыл 486 кәмелетке толмаған (2021 жылы - 748) және 580 қолайсыз отбасы (2021 жылы - 580) тұр. Жолданған 59 іс бойынша сот ата-ана құқығынан айыру туралы 21 шешім қабылдады, жолданған 46 істен ата-ана құқықтарынан шектелу туралы 24 шешім қабылданды.
Ата-ана құқықтарынан айыру және шектеу кезіндегі қорғаншылық органдарының әрекеттерімен, балаларды қолдау орталықтарына қалдырылған балаларды орналастыру алгоритмі туралы, қорғаншылық және қамқоршылық мамандарының алдында тұрған қиындықтаржөнінде Теміртау қаласының білім бөлімінің бас маманы Галина Николаевна Доброскок таныстырды.
Талқылауға қалалар мен аудандар әкімдерінің орынбасарлары, КТІжҚҚЖК хатшылары, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының, балаларды қолдау орталықтарының, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының өкілдері қатысты.
КТІжҚҚЖК хатшыларының 80% -ның іс жүзінде жұмыс тәжірибесі жоқ екенін ескере отырып, семинар қатысушыларға қойылған проблемалық сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік берді. Бұл алдағы уақытта олардың жұмыс сапасын едәуір жақсартады.