Қызылордада Жас сайлаушылар клубтарын дамыту мәселелері талқыланды: іс-шараға Қарағанды облысының өкілдері қатысты

Қызылорда қаласында еліміздің барлық өңірлерінен Жас сайлаушылар клубтарының мүшелерін, аумақтық сайлау комиссияларының өкілдерін және жастар ұйымдарын біріктірген «Жастар және сайлау» республикалық форумы өтті. Форум аясында ашық пікірталастар, жастар бастамаларының таныстырылымдары және электоралдық мәдениетті дамыту мәселелері бойынша кеңестер ұйымдастырылды.

Іс-шараларға Қарағанды облысының өкілдері – Қарағанды облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Каршығаұлы Нүркенов, Қарағанды облысының Жас сайлаушылар клубының төрайымы Асылай Қонысова, сондай-ақ Қарағанды қаласының Жас сайлаушылар клубының төрайымы Дильназ Тоғайбаева қатысты.

Форумның негізгі іс-шараларының бірі Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіровтің студенттермен және Жас сайлаушылар клубтарының мүшелерімен кездесуі болды. Ашық диалог барысында сайлау процесінің өзекті мәселелері, жастардың электоралдық мәдениетін дамыту, сайлау үдерістерін цифрландыру, халықаралық тәжірибе және жастар бастамаларының азаматтық белсенділікті қалыптастырудағы рөлі талқыланды.

Форум аясында Жас сайлаушылар клубтарының мемлекет пен жастар арасындағы өзара іс-қимылдың маңызды институты ретіндегі қызметіне ерекше назар аударылды. Өңірлерден келген қатысушылар құқықтық сауаттылықты арттыруға және жастарды қоғамдық-саяси үдерістерге тартуға бағытталған өз жобалары мен бастамаларын таныстырды.

Қарағанды облысының Жас сайлаушылар клубының төрайымы Асылай Қонысова өңірлік клубтардың жұмысын үйлестіру және олардың өзара байланысын нығайту мақсатында республикалық Жас сайлаушылар клубының төрағасы институтын құру туралы бастама көтерді. Бұл ұсыныс қатысушылар тарапынан қолдау тауып, клубтық қозғалысты одан әрі дамытудың маңызды бағыттарының бірі ретінде талқыланды.

Форум барысында қатысушылар Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанындағы Жас сайлаушылар клубының жұмысымен, электоралдық салада қолданылатын заманауи цифрлық сервистермен танысып, сайлау науқандарын ұйымдастырудың өзекті мәселелеріне арналған семинарға қатысты.

Қызылордада өткен кездесулер мен талқылаулардың қорытындысы бойынша Қарағанды облысында Жас сайлаушылар клубтарының қызметін жетілдіру, олардың ауқымын кеңейту, жастармен өзара іс-қимылдың жаңа форматтарын енгізу және өңірдегі жас сайлаушылардың электоралдық мәдениетін арттыру бағытындағы үздік тәжірибелерді кеңінен тарату жұмыстары жалғасатын болады.

 

Дата публикации
19 мая 2026