Елдің ішкі және сыртқы саясаты, оның ішінде тіл саясаты да ономастикалық кеңістікте ерекше із қалдыратыны белгілі. Осы тұрғыда, ономастика саласындағы жұмыстарды біріздендіру және үйлестіру басқарма жұмысындағы негізгі бағыттардың бірі болып табылады.
2021 жылдан бері 207 құрамдас бөліктің, 10 елдімекен, 26 мекеменің атауы өзгертілді. Нәтижесінде, бүгінгі күні облыс көлемінде атаулары мән-мағынасыз, ескірген әкімшілік аумақтық бірліктер саны (459) 50-ді құрап 11% болса, құрамдас бөліктер бойынша (3928) 776-ны көрсетіп 19,7% құрады.
2023 жылы Республика бойынша «Идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары бар елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атау жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған» Жол картасына сәйкес облыс бойынша 8 елдімекен, 97 құрамдас бөлік атауын өзгерту жұмыстары жүргізілді.
2024 жылы «Ономастика саласы бойынша 2024-2028 жылдарға арналған Жол картасының» өзектендірілуіне байланысты, бірқатар шектеу шаралары болды. Жалпы жоспарға сәйкес 2028 жылға дейін облыс аумағындағы 9 әкімшілік-аумақтық бірлік пен 103 құрамдас бөлік атауын ауыстыру көзделіп отыр. 2024 жылы жыл соңына дейін атау беру жұмыстары жүргізілмегендіктен, саладағы өңірлердің қызметін жетілдіру мақсатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен «Өңірлік ономастика мәселелері» тақырыбында аймақтық семинар ұйымдастырылды. Сондай-ақ басқарма тарапынан өңірдегі мамандарға арналған «Ономастикалық әдістемелік құрал» жинағы мен Қарағанды қаласының құрамдас бөліктері туралы хронологиялық деректер көрсетілген анықтамалық жарыққа шықты.
2024 жылға арналған Жол картасына Министрлік тарапынан тиісті келісім берілген соң, жоспарға сәйкес облыстағы 3 әкімшілік-аумақтық бірлік пен 14 құрамдас бөлік атауын ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні 10 құрамдас бөлікті қайта атау жөніндегі құжаттар Республикалық ономастикалық комиссия қарауына жолданды. Қалған ономастикалық объектілер бойынша жұмыстар жоспарға сәйкес 2025 жылы жалғасын табады.
Сондай-ақ, 2025 жылы басымдық атауы жоқ және қайталанатын атауларға беріліп отырғандықтан, Жол картасында жоспарланған 5 құрамдас бөлік бойынша жұмыстар жүзеге асырылатын болады.
Ономастикалық жұмыстарды жүргізу барысында салаға қатысты заң талаптары, ҚР Президенті Әкімшілігімен келісе отырып, Республикалық ономастика комиссиясы бекіткен «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары», «Дәстүрлі атаулар» тізімдері» және Жол картасы қатаң басшылыққа алынады.
Осы ретте, жақында басқарма жанынан ономастика жұмыстары бойынша ғылыми-әдістемелік топ құрылғанын айта кеткім келеді. Басқармаға келген ұсыныстарды облыстық ономастикалық комиссия талқылауына шығармас бұрын саралау мақсатында құрылған топқа тарихшы, филолог, лингвист, заңгер және географ мамандар енгізілді.
Қазақ тілді контенттің үлесін арттыру мақсатында мақалалар мен әлеуметтік желілерде үнемі посттар жариялануда. Облыстық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында бекітілген медиа-жоспар бойынша 2024 жылы 1626 (БАҚ - 369, әлеуметтік желі - 1257) материал жарық көрді. 2025 жылдың І тоқсанына өңірде 120 мақала, 282 пост жариялау жоспарланып отыр.
2024 жылы облыстағы кәсіпкерлік нысандарға заң талаптарын түсіндіру, әдістемелік көмек көрсету және көрнекі ақпарат пен жарнамалардың тілін жүйеге келтіру мақсатында 6710 нысан қамтылды, 2146 кемшілік анықталып, 1667-і түзетілді (77,6%).
Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру мақсатында «Көрнекі ақпарат және жарнама тілін біріздендіру» әлеуметтік жобасы 2020 жылдан бастап қолға алынып келеді.
Жобаның мақсаты: Қарағанды қаласында орналасқан мемлекеттік қызмет көрсету, шағын және орта кәсіпкерлік нысандарында көрнекі ақпараттарының тіл және жарнама туралы заңнама талаптарына сәйкестігіне мониторинг жүргізу, осы заңнама нормаларын түсіндіру, әдістемелік көмек көрсету болып табылады.
2024 жылы осы әлеуметтік жоба аясында облыс орталығы Қарағанды қаласы бойынша – 3518 нысан қамтылып, 1985 нысаннан кемшілік анықталып, оның 1409-ы түзетілді (71%). Сонымен қатар, жедел желі арқылы тегін аударма қызметіне есептік кезеңде 1024 сұраныс түскен.
Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.