Құрметті жерлестер !
Бүгін Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментімен бірлесіп, «Адал көмек» жобасының аясында облыста тілдерді дамыту саласында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып өтіп, соңынан сіздерді мазалап жүрген біршама сұрақтарға жауап береміз.
Өздеріңіз білесіздер өткен жылы Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы өз межесіне жетті. Биылғы жылдан бастап тіл саласында 2020 - 2025 жылдарға арналған жаңа Бағдарламаны іске асыруға кірістік. Алдымен облыс әкімдігінің қаулысымен Бағдарламаны жүзеге асырудың іс-шаралар жоспары бекітілді, қажетті қаражат көлемі айқындалды.
Жаңа кезеңде алдымызға біршама міндеттер қойылды: қазақ тілінің толыққанды қызметін қамтамасыз ету, латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғырту, тіл мәдениетін арттыру, тілдік капиталды дамыту.
Қазір таңда басқарма қызметі заңнамаға және осы мемлекеттік бағдарламаға сәйкес жүзеге асырылуда.
І. Ең бірінші кезекте әрине мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту бағытындағы жұмыстарға тоқталсақ.
Облыс тұрғындарының мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін арттыру мақсатында биылғы жылы 2 200 адамды мемлекеттік тілге, 1800 адамды ағылшын тіліне оқыту жоспарланған. Оқытумен әртүрлі ұлт өкілдері, мемлекеттік және азаматтық қызметшілер, сондай-ақ жеке тұлғалар да қамтылмақ. Сондықтан да тіл үйренем деушілерге толық мүмкіндік бар.
Қазіргі таңда әлемде және елімізде орын алып отырған төтенше жағдайға байланысты оқыту негізінен онлайн платформаларда жүзеге асырылуда. Әрине облыстың барлық өңірлері бұған дайын болды деп айта алмаймыз. Оқытуда бірізділікті қамтамасыз ету мақсатында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тапсырысымен оқыту стандарттарына сәйкес 2016 - 2019 жылдар аралығында бесдеңгейлік «Сарыарқа 2» оқу-әдістемелік кешені әзірленіп, басып шығарылды (оқулықтар, дәптерлер, аудио дискілер). Кейінгі 2 жылда оқыту процесінде жаңа технологиялар кеңінен пайдаланылып, 120 адам мемлекеттік тілге Skype бағдарламасы негізінде қашықтықтан оқып үйретілді. Осы бағытта орталықтар оқытушылары үшін де Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, «Назарбаев Университетінің» мамандарымен бірлесіп «STEAM жүйесі бойынша тіл оқыту: технологиялар мен дағдылар», «Онлайн режим мүмкіндіктерін пайдалана отырып оқытушылардың біліктілігін арттыру» тақырыптарына арнайы практикалық-семинарлар ұйымдастырылды. Қарағанды облысының жинақтаған оң тәжірибесін республиканың барлық оқыту орталықтарына тарату мақсатында 2019 жылдың қазан айында «Мемлекеттік тілді оқыту әдістемесі: оқу-әдістемелік кешен және цифрлық оқыту мүмкіндіктерін пайдалану» атты республикалық әдістемелік семинары өткізіліп, 47 өңірден 100-ге жуық мамандар қатысты.
Қазіргі кезеңде 7 өңірде және басқарма жанындағы тіл оқыту курстарында онлайн форматта қазақ тілі курстарында – 698 адам, ағылшын тілі курстарында – 459 адам оқытылуда. Өкінішке орай қалған 12 өңірде тілдерді оқыту жұмысы кейінге шегерілді.
ІІ. Мемлекеттік тілді меңгергендер үлесін Казтест жүйесі бойынша тест тапсырту жұмысын ұйымдастыру арқылы айқындап отырамыз. 2013 жылдан бері осындай тестілеумен 23 мыңнан астам қамтылып, олардың 98,7 пайызы деңгейлерін дәлелдеп шықты. 2020 жылы да 2130 адамды тестілеуден өткізу жоспарлануда. Тест тапсырғандардың 49,4 пайызы мемлекеттік тілді орта және ортадан жоғары деңгейде, 2,36 пайызы жоғары деңгейде білетінін көрсетті. Бұл жерде мемлекеттік және азаматтық қызметшілер арасында мемлекеттік тілді ең жоғарғы деңгейде білетіндер жеткіліксіз екенін атап өткен жөн.
ІІІ. Алдағы басты міндеттердің бірі – облыс тұрғындарының латын графикалы әліпби негізінде оқып жазу дағдыларын қалыптастыру.
Ел Президентінің әліпбиді жетілдіруге қатысты тапсырмасына сәйкес әзірленген әліпбидің жаңа нұсқалары наурыз айында екі рет өңірдің филолог-ғалымдары, тіл мамандарының қатысуымен талқыланып, Ұлттық комиссияға ұсыныстар жіберілді. (14 ақпанда – 90 адам; 5 наурызда – 40 адам.)
2018 жылдан бері бастау алған «Latyn qarpinde jazyp daǵdylanamyz» тренингі өз жалғасын табуда. Биыл әзірге 3 мекемеден 48 адам қамтылды. Карантин жағдайына байланысты бұл жұмыс тоқтап тұр.
Әйткенмен, интернет беретін мүмкіндіктер молынан пайдаланылуда. Q-ǴALAM арнасында 2D форматында анимациялық бейнеролик, тыңдаушыларға жаңа әліпбиді визуалды тұрғыда таныстыруға, жаңа графиканы еш қиындықсыз меңгертуге мүмкіндік беретін латын графикасына негізделген караоке жобалары орналастырылса, шет тілдеріндегі әлеуметтік роликтердің («Meniń ákem ótirik aıtyp júr», «Rıasyz jaqsylyq», «Бақыт жолында») субтитрі қазақ тілінде жаңа графикада ұсынылды. Қазақ тілі әліпбиінің латын графикасына көшу себептерін, жаңа әліпбидегі өзгерістерді жалпы халыққа түсіндіру мақсатында «Latyndy qolda» ақпараттық ролигі мен «Qazaqsha aksent» бейнеролигі әзірленді. Бүгінгі таңда осы жобаларды 21 000-нан аса адам тамашалап үлгерді.
Әлеуметтік желіде оқырмандармен, яғни облыс тұрғындарымен кері байланыс жолға қойылған. «Farabi Time», «Бауыржан Момышұлы - ұлы тұлға», «Шоқан Time», «Абай дана, Абай дара қазақта» жобалары, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақовтың 125 жылдық мерейтойына арналған посттар, басқарма тапсырысымен ағылшын тілін өз бетімен үйренуге көмектесетін бейнесабақтарға сілтеме ресми парақшаларымыздан орын алуда. Төтенше жағдай кезінде бос уақытта осы мүмкіндіктерді пайдалануға шақырамыз.
ІY.Ономастика бағыты бойынша.
Тіл саясатын жүзеге асыруда баса назар аударар саланың бірі - ономастика. Халқымыздың талай жыл бодандықта ғұмыр кешкен уақыттарда жүргізілген солақай саясаттың салқының көп сезінген де осы сала. Дегенмен де тәуелсіздігімізді ту еткен жылдарда тарихи атауларымыз халқымызбен қайта қауышып, ұлттық дүние болмысымыз түгенделе түсті. Қаншама қаладан ауылдарға дейінгі елді мекендер, көшелеріміз қазақы сипатқа ие болды. Нәтижесінде, 1991 жылдан бері облыс аумағында 110 елдімекен мен 1584 көшенің аты ауыстырылды. Оның ішінде соңғы 6 жылда облыс көлемінде 19 елді мекеннің, 601 құрамдас бөліктің атаулары өзгертілді. Нәтижесінде идеологиялық тұрғыдан көнерген әкімшілік-аумақтық бірліктер бойынша атаулар 65-тен 50-ге дейін азайып 8,3%-ды құраса, құрамдас бөліктер бойынша 858-ден 471-ге азайып 10,5%-ды құрап отыр.
Биылғы жыл облыстың Қарағанды, Теміртау сияқты ірі қалалары көшелерінің атауларын өзгертумен басталғанын өздеріңіз білесіздер. Алдымызда тағы да біршама жоспарлар бар. Алайда елімізде 2020 жылы Ұлттық санақтың өткізілуіне байланысты атау беру, қайта атау жұмыстары уақытша тоқтатылып отыр.
Бірақ бұл осы саладағы жұмыс тоқтап тұр деген сөз емес. Қазір алдағы жылдары өзгертетін идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларға қайта сараптама жасалып, ұзақ жылдар бойы келіп түсіп жатқан өтініш, ұсыныстарды ескере отырып, жаңа атаулар жобалары жасалуда. Атау өзгерту барысында зиялы қауым өкілдерінің, қоғам белсенділерінің, ел ағаларының пікірлері ескерілді. Осы орайда, атауларды ауыстыру тұрғысында тың, обьективті ұсыныс білдірушілерге есігіміз ашық дегіміз келеді.
Осы жерде ономастика жұмыстарында тұрғындар тарапынан жиі түсетін сауалдарға тоқталғым келеді.
1) Елдімекен, көше, мекемелерге кісі есімін сұраушылар өте көп. Әрине бұл дұрыс үрдіс емес. Заңға сәйкес, ономастика жұмысының басты критерийлерінің бірі ол ономастикалық нысандарға (елдімекен, көше, мекеме т.б) аса көрнекті мемлекет және қоғам, ғылым, мәдениет қайраткерлері және Қазақстан Республикасы мен әлемдік қоғамдастық алдында еңбек сіңірген адамдар есімдері ғана беріледі. («Қазақстан Республикасының тіл туралы» Заңы, 25-5 бап, 5 тармақша)
Елдімекендердің және ондағы көшелердің атауын өзгертуге бөлінетін қаржы арнайы жоспарланбайды. Бұл жұмыстарға қаралатын қаржы жергілікті әкімдіктің көшелерді абаттандыру бағдарламасы аясында жүргізіледі. Атауларды өзгерту кезінде кететін шығын көше аншлагтарын ауыстыруға ғана жұмсалады. Ал ол болса аншлагтардың ескіруіне байланысты кезең кезеңмен жасалып тұратын тұрақты жұмыс. Сондықтан да, көше атауы ауыссын, ауыспасын аншлагтар уақыты келгенде ауыстырылып тұрады.
Көше атауы өзгергенде барлық деректер автоматты түрде жаңарады. Мемлекет тарапынан жүргізілгендіктен, көше атауы өзгеру себебінен, мекенжай дерегі ауысқанда жылжымайтын мүлікке қатысты деректерді өзгерту тегін.
Яғни, атау өзгерген жағдайда тіркеу жұмыстарына кететін барлық шығынды мемлекет өз мойнына алады.
Сондықтан да бұл салада жұмысты бірнеше бағытта ұйымдастырудамыз.
Әрине бұл шаралар көрнекі ақпарат саласындағы заң бұзушылықтарды толық жоюға мүмкіндік бермейді. Жоғарыда айтып кеттім, біздің қолымыздағы барлық заңды тетіктер алынып қойылған. Бұл мәселені біз тиісті орындарда да көтеріп келеміз. Алдағы уақытта бұл сұрақтар толық шешім таппаса да, алға жылжу болады деп күтудеміз.
Жоғарыда айтып өткенімдей басқарма жанынан көрнекі ақпарат пен жарнамаларға қатысты сұрақтар мен ескертпелерге қатысты «Жедел желі» жұмыс жасайды. Егер сұрақтарыңыз болса 567476 нөміріне хабарлассаңыздар болады. Біз көрнекі ақпарат пен жарнамаға қатысты әдістемелік көмек көрсете отырып, тегін аударма жасап беруге әзірміз. Бұндай жедел желі барлық қала мен аудандарда жұмыс жасайды.
Мемлекеттік тіл саясатына қолдау көрсету мақсатында жыл сайын арнайы медиа-жоспар әзірленіп, облыстық, жергілікті БАҚ арқылы, интернет ресурстары мен әлеуметтік желілерде шығарылады.
Бірінші тоқсанда мемлекеттік тіл саясатын насихаттау және оған ақпараттық қолдау жұмыстарына 5 облыстық, 18 өңірден 27 жергілікті БАҚ – барлығы 32 БАҚ қамтылды. Медиа-жоспарға сәйкес барлық деңгейдегі БАҚ беттерінде (170 мерзімді басылымдардағы жарияланым, 14 сюжет, 1 телехабар, 6 телесабақ, 32 интернет-мақала, 85 әлеуметтік желідегі пост) жоспарланған 308 материалдың орнына 360 материал (109 мерзімді басылымдағы жарияланым, 15 сюжет, 6 телесабақ, 4 интернет-мақала, 226 әлеуметтік желідегі пост) жарық көрді. Төтенше жағдайға байланысты қала аудан тарапынан шығып жатқан басылым беттеріндегі материалдар азайып, әлеуметтік желілердегі жарияланымға басымдық берілді. Басқарманың парақшасында арнайы телесабақтар орналастырылып, қазақ және ағылшын тілдерін онлайн оқыту жұмыстары туралы видео, фото материалдар шығарылуда.
Басқарма тапсырысымен 2018 жылдан бері облыс жастары арасында "Сөз-зерде" интелллектуалды телеойыны облыстағы телеарна эфирінен көрсетіліп келеді. Аталған телехабарды тұрғындарға ұсынудағы басты мақсат - ұмыт бола бастаған көнерген сөздерді, дәстүрлі таным-түсінікті жаңғырту; жастарды мемлекеттік тілді, төл тарихты білуге баулу, патриотизмін арттыру болып табылады. Телеойын мектептің жоғары сынып оқушылары, колледж студенттері арасында өткізілетіндіктен елдегі төтенше жағдайға байланысты кейінге қалдырылды.
Тіл мәдениетін көтеру, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру бағытындағы жұмыстар
Бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес жыл сайын облыс халқының тіл мәдениетін көтеруге, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, ұлыларымызды ұлықтауға бағытталған халықаралық, республикалық, облыстық деңгейде конференциялар, семинарлар, байқаулар, дөңгелек үстелдер, ақпараттық-насихаттау шаралары өткізілді. Көп тілді меңгергендер арасындағы «Тілдарын», мемлекеттік қызметшілер арасындағы «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» секілді облыстық байқаулармен қатар, Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында «Дүниеге келер әлі талай Қасым” республикалық жыр мүшайрасын, А.Сейдімбеков атындағы облыстық әдеби-шығармашылық байқауын және облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығын табыс ету салтанатты шаралары дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Биылғы жылғы шаралар Ұлы Абайдың 175 жылдығы, Әл Фарабидің 1150 жылдығы және Алтын Орданың 750 жылдығына арналады.
Қорыта айтқанда барлық тіл саясатын жетілдіруде атқарылып жатқан шаралар тілдік ортаны қалыптастыруға, еліміздің тіл саясатын жүзеге асыруға, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, жаңа инновациялық технологияларды қолдана отырып, азаматтардың оны оқып-үйренуі үшін жағдай жасауға, тіл мәдениетін, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға мүмкіндік беруде.
Жалпы, тіл мәселесі тек қана жеке бір мекеменің, немесе мемлекеттің ғана шаруасы емес. Бұл қоғамдық мәселе. Тілдің мәртебесі – ұлттың мәртебесі, елдің мерейі. Мерейімізді асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз. Тіл отбасынан бастау алады, отан аясында дамиды. Отбасында ана тілін үйретпесе, қанына сіңірмесе одан кейінгі жұмыстың барлығын бір мемлекетке аудару дұрыс бола ма? Бастаушы болса да, қостаушы табылмаса, іс алға баса ма? Осы мақсатта барлығыңызды бірлікпен бірге жұмыс жасауға шақырамыз.
Көрнекі ақпарат пен жарнамаларға қатысты проблемалар көп. Осыған орай, тіл саласында сын ескертпелер мен көңілтолмаушылық та дұрыс жасалмаған жарнамалардан шығып жатады. Осы орайда, халықтың талабына сәйкес жарнама мәселесін түпкілікті шешіп тастауға бірнеше фактор өз әсерін тигізіп отыр.
Осы ұсыныстар енгізілмей, көрнекі ақпарат пен жарнамалардағы тіл мәселесін түбегейлі шешу мүмкін емес. Жыл сайын амалсыздан өткізетін ақпараттық-насихатттық, түсіндірме шаралары, тегін әдістемелік көмек көрсету, аударма жасау еш нәтиже бермейді.