Қарағанды облысында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының 2017 жылғы 28 ақпандағы № 17-388-5 тапсырмасына сәйкес, өңірлердегі идеологиялық тұрғыдан ескірген, қайталанатын атауларды тарихи жер-су атаулары және ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен алмастыру бағытында 2019 жылы бірқатар жұмыстар жүргізілді. Атап айтар болсақ, 2018 жылы республикалық ономастика комиссиясының оң қорытындысын алған Нұра ауданына қарасты 8 мектепті қайта атау жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 11 маусымдағы № 393 қаулысы шықты.
Жалпы 2019 жылы облыстық ономастика комиссиясының 2 отырысы өтті. Аталмыш отырыстарда Жаңаарқа, Ұлытау, Нұра, Абай және Жезқазған қаласына қарасты 2 әкімшілік-аумақтық бірлік пен 20 құрамдас бөлікке атау беру және қайта атау бойынша оң қорытындылар берілді. Сондай-ақ, Қарағанды, Сәтбаев және Теміртау қалаларындағы 17 құрамдас бөлікті қайта атау бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы республикалық ономастика комиссиясының оң қорытындысы алынды. Жоғарыда көрсетілген 2 елді мекен мен 37 құрамдас бөліктердің нормативтік-құқықтық актілері әзірленіп, Әділет органдарына тіркелді.
2020 жылдың басында Республикалық ономастика комиссиясының қарауына Қарағанды облысындағы 11 нысанның атауын өзгерту және Балқаш қаласындағы 28 құрамдас бөлікті, Қарағанды қаласындағы 10 көшені және Қаражал қаласындағы 1 көшені қайта атау жөніндегі құжаттар жинақталып, жолданды.
Сонымен қатар, 2019 жылдың 13 маусымында облыс өңірлеріндегі тіл саясатын жүзеге асыруға жауапты сала басшылары мен мамандарының, жергілікті атқарушы органдардағы нормативтік-құқықтық актілерді дайындаумен айналысатын мамандардың қатысуымен ономастиканың келелі мәселелері талқыланған «Ономастика жұмыстарын ұйымдастырудың заңнамалық негіздері» атты облыстық семинар өткізілді. Аталмыш семинарда атау беру, қайта атау жұмыстары кезінде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тапсырмаларын қатаң басшылыққа алу, құрамдас бөліктерге кісі есімдерін беру кезінде тек жалпыұлттық деңгейде танылған тұлғалардың есімдерін берумен ғана шектелу керектігі, тұрғындар арасында идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды қайта атау мәселесі бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын әлеуметтік желілердің әлеуетін пайдалан отырып жаүргізу қажеттігі айтылды. Осы семинарға Әділет департаментінің арнайы өкілі шақырылып, мамандарды нормативтік құжаттарды әзірлеу тәртібімен таныстырды.
Әр тоқсан сайын облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысының бекітуімен әзірленетін тіл саясатын насихаттауға бағытталған медиа-жоспар аясында бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жыл басынан бері ономастика саласына арналған 228 материал жарияланды.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің 2019 жылдың 21 қыркүйегіндегі № 19-377-4 тапсырмасына сәйкес 2020 жылғы 1 қаңтар мен 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде жалпыұлттық санаққа байланысты әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру, тарату мен қайта құру және елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, атауын өзгерту бойынша ұсыныстар енгізбеу туралы тапсырма берілген болатын. Есепті кезеңде Абай ауданының – 5, Бұқар жырау ауданының – 22 құрамдас бөлігін қайта атау бойынша қоғамдастық жиналыстар өткізіліп қоюына байланысты, комиссия отырысында қарау, Әділет органдарына тіркеу жұмыстары жалпыұлттық санақ жұмыстарын ескере отырып жүзеге асатын болады.
2020 жылғы ономастика саласына қатысты жарияланған мораторий алынғаннан кейін идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды бүгінгі көзқарасқа сай біріздендіру бағытындағы жұмыстар өз жалғасын табады.