Әдеп кодексін сақтау - кәсіби мемлекеттік аппараттың көрсеткіші
Қоғамның үніне құлақ түріп, халықтың мүддесіне сай қызмет ету – мемлекеттің басты парызы. Бұл қағиданы басшылыққа алған ел үшін кәсіби әрі әділ мемлекеттік аппараттың қалыптасуы аса маңызды. Мемлекеттік қызмет – жай ғана лауазым мен міндеттер жиынтығы емес, ол – жауапкершілік пен адалдықтың, парасат пен пайымның өлшемі.
Мемлекеттік қызметшінің әдебі – оның рухани кемелдігінен, адамгершілік ұстанымынан көрініс табады. Әрбір қызметкердің әдебі мен мәдениеті – халықтың билікке деген сенімін нығайтатын басты тетік. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі қабылданып, мемлекет қызметінің тұғырлы қағидаттарын бекітті. Бұл кодекс – мемлекеттік қызметшілердің адамгершілік келбеті мен кәсіби беделін қалыптастыруға негізделген, олардың күнделікті іс-әрекетіне бағыт-бағдар беретін адастырмас компас іспеттес.
Әдептілік пен әділдікті басты ұстаным негізіне ала отырып, әрбір қалалар мен аудандарда Әдеп жөніндегі уәкілдер қызмет атқарады. Теміртау қаласында бұл мәртебелі міндет қала әкімі аппаратының басшысына жүктелген. Оның негізгі қызметі – мемлекеттік қызметшілер арасында заң мен әдеп қағидаларын сақтауды қадағалау, қызметкерлердің кәсіби этикасын жетілдіру, ұжымда өзара сыйластық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру.
Бүгінгі таңда Теміртау қаласында және Ақтау кентінде 13 жергілікті атқарушы органда 105 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді, оның ішінде ерлер – 25 адам, әйелдер – 72 адам, 8 бос жұмыс орны, 2024 жылы жаңадан қабылданған - 7 адам, (алғаш қабылданған 7 адам) мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы - 45 жасты құрайды.
Мемлекеттік қызмет – қоғамға қалтқысыз еңбек етудің жоғары деңгейі. Сондықтан әрбір қызметкердің кәсібилігі мен әдебін жетілдіру мақсатында жыл сайын түрлі семинарлар, кездесулер мен дөңгелек үстелдер өткізіледі. Тек осы жылы 15 мемлекеттік қызметшіге жеке кеңес беріліп, 6 азаматтың мәселесі жеке қабылдауда қаралды, 4 семинар, 2 дөңгелек үстел, 3 кездесу өткізілді. Бұқаралық ақпарат құралдарында 8 материал жарық көріп, мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған 7 мамандар үшін арнайы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Тұрақты негізде мемлекеттік органдардың басшыларымен «Бақылау күндері» өткізіледі, мұнда атқарушылық тәртіпті сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуал – жұмыс өнімділігі мен қызмет сапасының айнасы. Осы ретте, мемлекеттік органдарда жасырын сауалнамалар өткізіліп, қызметкерлердің жай-күйі мен жұмыс барысындағы көңіл-күйі жіті зерделенуде. 2024 жылы 352 қызметші сауалнамаға қатысып, олардың ұсыныстары назарға алынды.
Татулық пен бірлік – қызмет сапасының басты кепілі. Осыны ескеріп, мемлекеттік қызметшілердің рухын көтеру, өзара ынтымақтастығын арттыру мақсатында 2024 жылдың тамыз айында Конституция күніне орай «Көңілді старт» атты спорттық сайыс ұйымдастырылды. Бұл шара ұжым ішіндегі ауызбіршілікті нығайтып, серпіліс сыйлады.
Мемлекеттік қызметшілер – қарапайым халық пен билік арасындағы алтын көпір. Олардың әрбір іс-әрекеті, сөзі мен мінез-құлқы мемлекеттік аппараттың беделін айқындайды. Осыған байланысты қызмет барысында әдеп нормаларының сақталуы үнемі бақылауда ұсталады. Қызметтік көліктердің жұмыс уақытынан тыс пайдаланылуы, әлеуметтік желідегі этикаға қайшы жазбалар, мемлекеттік қызметшінің қоғамға жат мінез-құлқы – тұрақты назарда. Қандай да бір заңбұзушылық анықталған жағдайда, тиісті шаралар қолданылып, қажет болған жағдайда қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылады.
2024 жылы мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын бұзу фактілері бойынша 3 шағым түсіп, олардың барлығы белгіленген тәртіппен қаралды. Алайда, бұл шағымдардың ешқайсысы расталған жоқ.
Әдеп нормаларының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында барлық мемлекеттік органдарда Әдеп жөніндегі уәкілдердің байланыс телефондары жарияланып, халықпен кері байланыс орнатылды.
Мемлекеттік қызмет – елге адал қызмет етудің, халықтың сенімін ақтаудың, әділдік пен парасаттылықтың жарқын үлгісі. Әдеп – қызметтің сәні, абыройдың айнасы. Әдеп қағидаларын берік ұстанған мемлекеттік қызметші ғана халықтың сеніміне ие болып, елінің игілігіне адал еңбек ете алады.
Теміртау қаласы әкімі
аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі
Рауан Таран