GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Баспасөз орталығы
Құжаттар
Әкім аппараты
Feedback
Қызметі
Байланыс ақпараты
Все материалы
12 октября 2026
БЖЗҚ туралы өзекті сауалдар
  1. Зейнетақы активтерін кім басқарады?

Зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (ҚРҰБ), сондай-ақ 2021 жылдан бастап тиісті лицензиясы бар және уәкілетті органның талаптарына сай келетін инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) жүзеге асырады. Мұндай сенімгерлік басқарудың негізгі мақсаты – зейнетақы жинақтарын түрлі қаржы құралдарына инвестициялап, табыс алу.

Зейнетақы активтерін басқарушылар – ҚРҰБ пен ИПБ-лардың зейнетақы активтерін инвестициялау бойынша өзіндік стратегиясы бар және олар инвестициялық портфельдің құрылымын инвестициялық декларация шеңберінде дербес айқындайды.

Қолданыстағы ИПБ тізіліміне қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға бере алатын 6 жеке компания кіреді:

«Alatau City Invest» АҚ, «BCC Invest» АҚ, «Сентрас Секьюритиз» АҚ, «Halyk Finance» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ, «Tansar Capital» АҚ. (Бұл ретте «Halyk Global Markets» АҚ «БЖЗҚ» АҚ-ға 2027 жылдан бастап сенімгерлік басқару шартын бұзатыны туралы хабарлаған. Осыған байланысты, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қор зейнетақы жинақтарын осы компанияға аудару туралы өтініштерді қабылдамайды).

www.enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» – «Инвестициялық портфельді басқарушылар тізілімі» бөлімінен, сондай-ақ invest.enpf.kz ақпараттық интернет-платформасы арқылы ИПБ туралы ақпаратпен танысып, олардың инвестициялық декларацияларын зерделеуге болады.

  1. Заңнамалық өзгерістерге сәйкес міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының 100%-на дейін инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) басқаруына беруге мүмкіндік қарастырылған. Бұл мүмкіндікті кім пайдалана алады және бұл механизм қалай жүзеге асырылады?

Зейнетақы жинақтарының 100%-на дейін жеке басқарушы компаниялар – ИПБ-ларға сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндігін БЖЗҚ-ның барлық салымшылары пайдалана алады. Бұл нормалар 2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап күшіне енді.

www.enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» – «Инвестициялық портфельді басқарушылар тізілімі» бөлімінен, сондай-ақ invest.enpf.kz ақпараттық интернет-платформасы арқылы ИПБ туралы ақпаратпен танысып, олардың инвестициялық декларацияларын зерделеуге болады.

Жақында бір ИПБ салымшыларға тәуекел деңгейі, күтілетін кірістілік және инвестициялау мерзімі бойынша ерекшеленетін инвестициялық портфельдердің үш түріне дейін – консервативті, қалыпты және тәуекелді портфельдерді ұсына алады.

Зейнетақы активтерінің инвестициялық портфельдерін қалыптастыру тәртібін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

  1. Зейнетақы жинақтарын бірнеше басқарушы компания арасында бөлуге бола ма?

Салымшы бір немесе бірнеше ИПБ-ны таңдай алады. Халықты кеңінен хабардар ету мақсатында БЖЗҚ invest.enpf.kz бірыңғай ақпараттық интернет-платформасын іске қосты. Бұл – салымшыларға сенімгерлік басқарушылардың (ҚРҰБ пен ИПБ) басқаруындағы зейнетақы активтерінің портфельдері бойынша түрлі деректерді бір ақпараттық алаңда салыстыруға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық ресурс. Салымшы мұнда инвестициялық портфельдерді өз бетінше бағалауға, сондай-ақ өзінің мақсаттары мен күтетін нәтижесіне сай келетін басқарушы компания мен оның инвестициялық стратегиясын таңдауға мүмкіндік беретін құралдарды пайдалана алады.

Бұдан бөлек, invest.enpf.kz платформасында салымшы ИПБ-лардың инвестициялық декларацияларымен танысып, олардың қаржылық көрсеткіштерін талдай алады. Сондай-ақ ИПБ-ларға қатысты реттеуші орган – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚР ҚНРДА) тарапынан қолданылған әкімшілік шаралар, санкциялар мен ықпал ету шаралары туралы ақпаратты да (олар болған жағдайда) көре алады.

  1. Зейнетақы жинақтарын БЖЗҚ-дан басқарушы компанияға беру қалай жүзеге асырылады?

Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру үшін салымшы алдымен ИПБ-ны таңдап, содан кейін белгіленген нысан бойынша өтініш береді.

Өтінішті enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте немесе invest.enpf.kz интернет-платформасында электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалана отырып, сондай-ақ БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне барып беруге болады.

Жеке кабинетте салымшы, сондай-ақ:

  • ИПБ-ға/ҚРҰБ-қа беруге немесе қайтаруға қолжетімді соманы тексере алады;
  • ИПБ-ны таңдау (өзгерту) туралы немесе ИПБ-ның сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы жинақтарын ҚРҰБ-тың сенімгерлік басқаруына қайтару туралы өтініш беру ережелері және талаптарымен таныса алады;
  • ИПБ-ны таңдау (өзгерту) туралы немесе ҚРҰБ-қа қайтару туралы өтініш беріп, оның мәртебесін қадағалай алады;
  • басқа да қолжетімді зейнетақы қызметтерін пайдалана алады.

Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға аудару туралы берілген өтініштің мәртебесін сайттағы жеке кабинеттен немесе БЖЗҚ-ның мобильді қосымшасынан бақылауға болады.

ИПБ-ға аударуға өтініш беру және оларды БЖЗҚ-да өңдеу рәсімдері толық автоматтандырылған. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға нормативтік-құқықтық актілерде белгіленген мерзім ішінде береді.

Бұл ретте зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екіншісіне аудару немесе оларды ҚРҰБ-тың басқаруына қайтару алғашқы аударылған күннен бастап кемінде бір жыл өткен соң жүзеге асырылуы мүмкін.

  1. Салымшылар зейнетақы активтерін басқару туралы толық ақпаратты қайдан алып, басқарушы компаниялардың қызмет нәтижелерін қалай бақылай алады?

БЖЗҚ – барлық салымшылар үшін бірыңғай есепке алу және ақпараттық орталық, сондай-ақ активтерді кім басқаратынына қарамастан (ҚРҰБ және/немесе салымшы таңдаған ИПБ) олардың жеке зейнетақы шоттарының операторы.

БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқаруға байланысты қолжетімді қызметтер мен сервистерді ұсынады. Азаматтардың зейнетақы жинақтары, оның ішінде инвестициялық табыс ескерілген ақпарат enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасында 24/7 режимінде берілетін үзінді көшірмелерде толық көрсетіледі.

Әр басқарушының инвестициялық қызметі туралы ақпарат enpf.kz сайтындағы «Статистика және талдау» – «Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару» бөлімінде тұрақты түрде жаңартылып отырады.

Сонымен қатар, БЖЗҚ салымшылары үшін invest.enpf.kz ақпараттық интернет-платформасы жұмыс істейді. Бұл – барлық басқарушылардың (ҚРҰБ пен ИПБ) активтерді басқару нәтижелерін өзара салыстыруға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық ресурс. Invest.enpf.kz платформасы инвестициялық табыстылық туралы ақпаратқа қол жеткізуге, белгіленген кезең аралығындағы басқарушылар мен олардың инвестициялық портфельдері бойынша деректерді салыстыруға және инвестициялық шешімдерді саналы түрде қабылдауға мүмкіндік береді.

 

03 июля 2026
Қарағандыда жаңа Конституцияның күшіне енуіне арналған форум өтті

Қарағандыда жаңа Конституцияның күшіне енуіне арналған «Жаңа Конституция – Әділетті Қазақстанның негізі» атты өңірлік сарапшылық форум өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар, сот жүйесі мен прокуратура қызметкерлері, қоғамдық бірлестіктер және ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты. Сонымен қатар Орталық саябақта жаңа Ата Заңды қолдауға арналған жастар флешмобы ұйымдастырылды.

Форум барысында қатысушылар үш негізгі мәселені талқылады: жаңа Ата Заңның мемлекетті нығайтудағы рөлі, бұл үдеріске әрбір азаматтың қосатын үлесі және Конституция қорғауға тиіс құндылықтар. Талқылау өзегінде адам құқықтары мен міндеттері, азаматтық қоғамды дамыту, отбасылық құндылықтар мен қоғамдық келісімді нығайту мәселелері болды.

— Ата Заңның ең басты құндылығы — адам, оның өмірі, құқықтары, бостандықтары, еңбегі мен қадір-қасиеті. Жаңа Конституция — жалпыхалықтық референдумда қабылданған ортақ таңдауымыз. Бүгін оны іс жүзінде жүзеге асырудың жаңа кезеңі басталады. Оның нормалары мен құндылықтарын қаншалықты дәйекті ұстанатынымыз жүргізіліп жатқан реформалардың табысы мен қоғамның мемлекетке деген сенімін айқындайды, — деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиев заң үстемдігі мен азаматтардың конституциялық құқықтарының маңыздылығына ерекше тоқталды.

— Әділеттілік, заң мен тәртіп, сондай-ақ табиғатқа ұқыпты қарау сияқты соңғы жылдары қоғамдық сананың ажырамас бөлігіне айналған қағидаттар алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілді. Конституцияның басты құндылығы — онда биліктің емес, халықтың еркі көрініс табады. Өйткені Ата Заңға сәйкес Қазақстандағы мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы әрі егемендіктің иесі — халық, — деді ол.

Облыстық соттың төрағасы Ерден Әріпов сот төрелігін жүзеге асырудағы жаңа жағдайлар туралы айтып өтті.

— Бүгінде сот жүйесінің рөлі жекелеген құқықтық дауларды шешумен ғана шектелмейді. Сот конституциялық құндылықтарды іске асырудың және қоғамның мемлекетке деген сенімін нығайтудың маңызды институтына айналып отыр. Жаңа Конституция азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін едәуір күшейтті. Маңызды жаңашылдықтардың бірі — адвокатураның конституциялық мәртебесінің бекітілуі. Бұл оның құқықтық мәртебесін арттырып қана қоймай, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы шешуші рөлін айқындады, — деп түсіндірді ол.

Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Қобжанов «Қазақстан Халық Кеңесінің» құрылуы өңірлердің бастамаларын ескеруге қосымша мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның пікірінше, қоғамдық диалогтың жаңа жүйесі тұрғындардың ұсыныстарын республикалық деңгейге тиімді жеткізуге және оларды мемлекеттік бағдарламалар мен заңнамалық бастамаларды әзірлеу барысында ескеруге жол ашады.

— Конституция ынтымақ, топтасу және халық бірлігі рухымен астасқан. Бүгін біз еліміздің өмірінде жаңа парақ ашып, мемлекеттік, саяси және қоғамдық құрылыстың жаңа үлгісіне қадам басып отырмыз. Өз тиімділігін дәлелдеген барлық құрылымдар толыққанды жұмысын жалғастырады, соның ішінде өңірдің этномәдени бірлестіктері де бар. Енді олар облыстық Қоғамдық кеңестің қызметіне ықпалдасып, өзара ынтымақтастықты одан әрі күшейтеді, — деді Қарағанды облыстық еврей мәдениеті орталығының төрағасы Вилен Молотов-Лучанский.

Форум соңында өңірдің дамуына үлес қосқан қоғам өкілдеріне Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының арнайы басылымын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.

 

 

 

 
03 июля 2026
Қазақстан Құрылтайына сайлау күні белгіленді

Қазақстан Құрылтайы депутаттарының сайлауы 23 тамызға белгіленді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.

«Қазақстан Республикасы Конституциясының 46-бабының 3) тармақшасына және 95-бабының 1-тармағына сәйкес қаулы етемін:

  1. Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалсын.
  2. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауын әзірлеуді және өткізуді ұйымдастырсын.
  3. Қазақстан Республикасының Үкіметі, астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауын ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды кідіріссіз қабылдасын», – делінген құжат мәтінінде.

Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

03 июля 2026
Жаңа Конституция: орнықты дамудың институционалдық және құқықтық негізі

Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты жаңа Қазақстан Республикасы Конституциясының күшіне енуіне орайластырылған «Жаңа Конституция: орнықты дамудың институционалдық және құқықтық негізі» атты ғылыми-практикалық конференция өткізді.

Конференция жұмысына мемлекеттік органдар, Парламент, сот жүйесі, адвокатура, халықаралық ұйымдар, ғылыми және сарапшылық қоғамдастық өкілдері, сондай-ақ еліміздің және шетелдің жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары мен сарапшылары қатысып, 150-ден астам адам куә болды.

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимова конференцияны ашып, 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетініне тоқталып өтті.

Эльвира Азимова өз сөзінде «Қазақстан халқының ерік білдіруімен еліміздің конституциялық дамуында жаңа кезеңнің негізі қаланды. Бұл құқықтық жүйені, мемлекеттік басқаруды және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін одан әрі жетілдірудің стратегиялық бағдарларын айқындап берді.

Жаңа Конституцияның қолданысқа енгізілуімен Конституциялық Сот Ата Заңның үстемдігін қамтамасыз етіп, конституциялық құндылықтарды қорғауды одан әрі нығайтады. Бұл Қазақстанның тарихи әрі құқықтық дамуының жаңа кезеңінің бастауын білдіреді» деп атап өтті.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан Республикасындағы Тұрақты үйлестірушісі Раднарагча Саранго мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің Бас хатшысы Қайрат Сарыбай конференция қатысушыларына өз құттықтауларын бейнетүсірілім арқылы жеткізіп, Қазақстанда жүргізілген конституциялық реформалардың құқықтық институттарды нығайту және орнықты даму үшін өте маңызды болғаны жайында өз ойларымен бөлісті.

Сонымен қатар, Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясының Бас хатшысы Рамиль Гасан мен Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисінің Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Феруза Эшматова да қатысушыларды бейнетүсірілім форматында құттықтады. Олар Қазақстандағы конституциялық өзгерістерге өңірлік және халықаралық деңгейде жоғары қызығушылық бар екенін атап өтті.

Тақырыптық пікір алмасу барысында қатысушылар жаңа Конституцияның құқықтық жүйені дамытудағы және конституциялық мемлекеттілікті нығайтудағы рөлін талқылады.

Заң алдында жұрттың бәрінің тең болуы, сот төрелігіне қолжетімділік, заңнаманы жетілдіру, қоғамдық келісімді нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Адам құқықтарын қорғау аясындағы қазіргі заманғы сын-қатерлер, цифрлық құқықтарды дамыту, құқықтық мәдениет деңгейін көтеру және құқықтық ақпаратқа қолжетімділікті кеңейту мәселелері де талқылауға өзек болды. Қазақстан Республикасының Конституциясына ғылыми комментарий әзірлеу де талқыланды.

Конференцияда жетекші қазақстандық ғалымдар, Конституциялық Соттың, Конституциялық комиссияның, жоғары оқу орындарының және сарапшылық институттардың өкілдері баяндама жасады. Бейнетүсірілім форматында Техас университетінің профессоры Ричард Альберт пен Франция халықаралық қатынастар институтының (IFRI) атқарушы төрағасы Тьерри де Монбриаль халықаралық перспектива жайында ойларын білдіріп, Қазақстандағы конституциялық реформалардың демократиялық институттарды, құқық үстемдігін нығайтудағы және орнықты дамуды қамтамасыз етудегі маңыздылығын ерекше атап өтті.

Ата Заңымыздың мәтініне барша азаматтың тең қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында Үкімет бастама көтеріп, «Инклюзивті қоғам үшін Конституция» аясында басып шығарылған Брайль қарпіндегі Қазақстан Республикасы Конституциясының да таныстырылымы осы конференцияға тұспа-тұс келді.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимова мен «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Бекежан Жәкеев Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының күшіне енуіне арнайы дайындалған пошта маркасына мөр басу рәсіміне қатысты.

Қатысушылар конференцияны қорытындылай келе, жаңа Конституцияның Қазақстан дамуындағы жаңа кезеңнің берік институционалдық және құқықтық негізіне айналғанын атап өтті.

Қазақстан Республикасының Конституциялық соты

 

 
03 июля 2026
Зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шектерін есептеудің жаңа Әдістемесі күшіне енді

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 21 мамырдағы №422[1] қаулысының талаптарын орындау мақсатында БЖЗҚ бұқаралық ақпарат құралдарында және өзінің ресми интернет-ресурсында есептеу әдістемесіне енгізілген өзгерістерді ескере отырып, 2026 жылға арналған зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шектерін (ТЖШ) жариялады.

Жаңа Әдістемеге сәйкес ТЖШ мөлшері болашақтағы нысаналы зейнетақы төлемдерінің көрсеткіштеріне негізделіп айқындалады және салымшының әрбір жасына қарай ай сайынғы төлемдердің келтірілген құнын есептеудің стандартты формуласы арқылы есептеледі.

Аталған формула болашақтағы төлемдердің тұрақтылығы мен болжамдылығын қамтамасыз ету үшін ұзақ мерзімді демографиялық (ұлттық демографиялық кестелер) және қаржылық (кірістілік мөлшерлемелері мен төлемдерді индекстеу көрсеткіштері) факторларды ескереді.

Төлемдердің келтірілген құнын есептеу формуласы қажетті жинақ көлемін анықтаудың халықаралық тәжірибесіне негізделген. Сондықтан есептеу нәтижелері макроэкономикалық көрсеткіштер болжамдарының өзгеруіне азырақ тәуелді болады. Сонымен қатар есептеулерде бұрынғыдай республикалық бюджет туралы заңмен жыл сайын белгіленетін ең төменгі зейнетақы мен ең төменгі жалақы мөлшерлері пайдаланылады.

Бұл ретте формулада жинақтың бір бөлігін пайдаланған сәттен бастап зейнеткерлік жасқа дейінгі кезеңде түсетін болашақ зейнетақы жарналары есепке алынбайды. Мұндай тәсіл жинақтарының бір бөлігін пайдаланған азаматтардың болашақта төмен мөлшердегі жинақтаушы зейнетақы алу қаупін азайтуға бағытталған.

Сонымен бірге зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделуге пайдалану құқығы сақталады. Зейнетақысы бұрынғы табысының кемінде 40%-ын құрайтын зейнеткерлер тұрғын үй және емделу мақсаттарына жинақтарының 50%-ына дейін пайдалана алады. Сондай-ақ зейнетақы аннуитеті шартын жасаған азаматтар мен мемлекеттен еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алатын тұлғалардың зейнетақы шотында қалған қаражатты толық көлемде пайдалану құқығы бар.

Ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын жинақтарды пайдалану мүмкіндігі де сақталады. Алайда азаматтардың болашақта жеткілікті әрі тұрақты зейнетақы төлемдерін алуын қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріле отырып, алуға болатын қаражат көлемін айқындау тәсілдері жетілдірілуде.

ТЖШ мөлшері салымшының жасына қарай 79% және одан жоғары өсті. Яғни зейнеткерлік жас жақындаған сайын болашақтағы зейнетақы төлемдеріне қойылатын талаптар күшейіп, зейнетақы шотында сақталуға тиіс қаражат көлемі де артады. Осыған байланысты зейнеткерлік жасқа жақындаған азаматтар үшін ТЖШ мөлшері екі еседен астам ұлғайды.

Бұл олардың зейнетақы жинақтарының шоттарында сақталып, әрі қарай инвестициялануын қамтамасыз етеді және болашақтағы зейнетақы төлемдерінің едәуір артуына мүмкіндік береді. Бұрынғы Әдістеме бойынша жинақтың бір бөлігін алғаннан кейінгі төлемдер медиандық жалақының шамамен 15%-ын құраса, жаңа Әдістеме бойынша бұл көрсеткіш медиандық жалақының шамамен 40%-ына дейін жетеді.

Осылайша, ең төменгі жеткіліктілік шегін айқындаудың жаңа әдістемесі салымшылар үшін неғұрлым ашық әрі болжауға ыңғайлы және халықаралық стандарттарға сәйкес азаматтардың зейнеткерлік кезеңде тұрақты зейнетақы кірісімен қамтамасыз етілуіне бағытталған.

[1] Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 21 мамырдағы №422 қаулысы «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемдерін, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған біржолғы зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру, оларды бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қайтару қағидаларын, зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесін, алушының орташа айлық кірісін зейнетақы төлемдерімен алмастыру коэффициентін айқындау әдістемесін, зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткілікті шегін айқындау әдістемесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 521 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

15 апреля 2026
🔷2026 жылғы 15 сәуірде «Құқықтық дәріхана» ауқымды акциясы өтеді!

Заңгерлер, адвокаттар мен мемлекеттік органдар сіздің барлық сұрақтарыңызға жауап береді, кәсіби кеңестер айтады және қиын жағдайларды шешуге көмектеседі.
Келіңіздер, құқықтық көмекке мұқтаж жандардың барлығын күтеміз!

Акция өтетін мекен-жай:
Теміртау қаласы, ТРЦ Пассаж, Тәуелсіздік бульвары, 25.
Басталуы 2026 жылғы 15 сәуір күні сағат 11:00. Кіру тегін!

Іс-шараның ұйымдастырушылары: Теміртау қаласының прокуратурасы, «Теміртау қаласы әкімінің аппараты» ММ.

15 апреля 2026
«Ұлттық қор – балаларға»: 41,84 млн-нан аса АҚШ доллары тұрғын үй және білім алуға бағытталды

2026 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша 2024 жылғы 1 ақпаннан бастап нысаналы жинақ алу бойынша 252 842 өтініш орындалып, жалпы сомасы 41,84 миллион АҚШ долларынан астам қаражат уәкілетті операторларға аударылды. Олар, өз кезегінде, қаражатты 18 жасқа толған өтініш беруші азаматтардың банктік шоттарына есептейді.

 Оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 26,35 млн АҚШ долларына 158 774 өтініш, білім беру ақысын төлеу үшін 15,49 млн АҚШ долларына 94 068 өтініш қанағаттандырылды.

Естеріңізге сала кетейік, нысаналы жинақтарды алушы барлық соманы немесе оның бір бөлігін ғана пайдалануға құқылы, пайдаланылмаған сома нысаналы жинақтау шотында (НЖШ) қалады.

Тұрғын үйді жақсартуға арналған қаражатты пайдаланудың ең танымал қосалқы мақсаттары: одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылысы жинақтарындағы салымды толықтыру (25,79 млн АҚШ долларына 155 126 өтініш орындалды), тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны енгізу – 193,16 мың АҚШ долларына 1247 өтініш, азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айырысу) – 134,32 мың АҚШ долларына 893 өтініш.

Білім беру ақысын төлеу шеңберіндегі ең танымал қосалқы мақсаттар: Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде бір мезгілде (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (14,44 млн АҚШ долларына 86 258 өтініш орындалды), білім беруге жинақтау салымы туралы шарт бойынша білім беруге жинақтау салымын толықтыру (704,23 мың АҚШ долларына 5 402 өтініш орындалды), шетелдік білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде біржолғы (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеуге (280,81 мың АҚШ долларына 1 955 өтініш орындалды) төлем жасау. 

Нысаналы жинақтарды тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім алуға ақы төлеу мақсатында төлеу туралы уәкілетті операторлар мен өңірлер бөлінісіндегі толық ақпаратпен enpf.kz сайтында танысуға болады.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық бір балаға 130,71 АҚШ доллары кезекті есептеу жүргізілді. 2024 жылы – 129,38 АҚШ доллары, 2023 жылы - 100,52 АҚШ доллары мөлшерінде қаражат аударылған болатын.

18 жасқа дейінгі балаларға жыл сайын Ұлттық қордан бөлінетін сомалар олардың БЖЗҚ-да ашылған шоттарында ескерілетін нысаналы талаптар түрінде есептеледі. Бұл ретте, заңнамаға сәйкес, жас қазақстандықтарға есептелген сомалар Ұлттық қор активтерінің құрамында қалады және инвестициялануын жалғастырады. Одан әрі инвестициялау нәтижесінде жыл сайын әрбір баланың нысаналы талаптарының сомасы алынған инвестициялық табыс есебінен қосымша өседі.

Нәтижесінде бағдарламаға қатысатын балада барлық жинақталған нысаналы талаптардың жиынтық сомасы (жыл сайын қосымша есептелетін инвестициялық кірісті қоса алғанда) :

- үшінші жыл - 370 доллар 56 цент;

- екінші жыл - 263 доллар 93 цент;

- бірінші жыл қатысып отырған баланың шотында 130 доллар 71 цент.

Кәмелетке толған азаматтар өздерінің НЖ туралы ақпаратты БЖЗҚ-ның немесе электрондық үкіметтің интернет-ресурстарындағы жеке кабинеті арқылы дербес алуы тиіс, содан кейін уәкілетті операторға АҚШ долларында банктік шот ашу және тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім алу ақысын төлеу үшін НЖ төлеміне онлайн-өтініш беру үшін жүгінуі тиіс.

Бүгінгі күні уәкілетті операторлар:

  • "Отбасы банкі" АҚ (тұрғын үй және білім алу ақысын төлеу),
  • "Халық банкі" АҚ (білім алу ақысын төлеу),
  • "Банк ЦентрКредит" АҚ (білім алу ақысын төлеу).

Нысаналы талаптарға қатысушы кәмелетке толмаған балалар және нысаналы жинақтарды кәмелетке толған алушылар бойынша, сондай-ақ нысаналы жинақтарды тұрғын үйге және (немесе) білім алуға пайдалану жөніндегі статистикамен enpf.kz сайтында танысуға болады.

kids.enpf.kz сайтында және БЖЗҚ/ЕНПФ YouTube-арнасында Бағдарламаның шарттарымен танысып, қажетті нұсқаулықтар алып, өзіңізді қызықтыратын сұрақтарыңызға жауап алуға болады. Сондай-ақ, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын іске асыру, бала кәмелетке толғанға дейін және одан кейінгі іс-қимыл алгоритмі туралы бейне нұсқаулықты БЖЗҚ/ЕНПФ YouTube-арнасында көруге болады:

«БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрағасы Ж.Б. Құрмановтың бейнетүсініктемесі:

https://www.youtube.com/watch?app=desktop&v=30CdPWl6dv0 «БЖЗҚ» АҚ Басқарушы директоры М.Т. Шәріповтың бейнетүсініктемесі:

https://www.youtube.com/watch?v=APg2vATmMk0«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша

«Сұрақ-жауап» бейнетүсініктемесі:

https://www.youtube.com/watch?v=4cKr1VCAvUk

https://www.youtube.com/watch?v=mrV0y37Gjnk

«Ұлттық қор – балаларға» сайты бойынша нұсқаулық:

https://www.youtube.com/watch?v=VgP3dmMwAHc

https://www.youtube.com/watch?v=jyC2c-HgqpQ«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын жүзеге асыру туралы нұсқаулық: 

https://www.youtube.com/watch?v=bqeT41rWecA

https://www.youtube.com/watch?v=pNBSS1VHdWU

13 февраля 2026
Зейнетақы жинақтарының кесте бойынша төлемдері: қашан және қайда жүгіну керек?

Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес «БЖЗҚ» АҚ-дан (БЖЗҚ, Қор) белгіленген кесте бойынша ай сайынғы зейнетақы төлемдері зейнет жасына толған адамдарға (ерлер – 63 жас, әйелдер – 61 жас), сондай-ақ мерзімсіз уақытқа белгіленген 1 немесе 2 топтағы мүгедектігі бар, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адамдарға Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

            Зейнет жасына жетуіне байланысты зейнетақы жарналарының міндетті түрлері есебінен БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен базалық және ынтымақты зейнетақы тағайындау үшін алушылар тұрғылықты жері бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) уақытылы жүгінуі қажет. Мұны зейнет жасына дейін 10 күн қалғанда жасауға болады. Зейнетақы төлемдерінің барлық түрлері өтініш берілген күннен бастап жүргізіледі. Егер алушы өтініш берген күні зейнет жасына толып қойған болса, өтініштің және қажетті құжаттардың ХҚКО-ға тіркелген күні өтініш берілген күн болып есептеледі. Ал азамат зейнетақы төлемін алуға зейнет жасына толғанға дейін, ертерек жүгінген болса, зейнет жасына толған күн – өтініш берілген күн болып есептеледі. Өткізіп алған уақыт үшін мемлекеттік бюджеттен, сондай-ақ БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемі тағайындалмайтынын есте ұстаған жөн. 

           Сондай-ақ, бюджеттен зейнетақы төлемдерін ресімдеу үшін де уақытылы жүгіну маңызды, өйткені оларды тағайындау үшін алушы ұсынған құжаттар бойынша еңбек өтілін тексеру қажет.

         Айта кету керек, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру бойынша белсенді қызмет көрсету мақсатында зейнет жасына толған, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар, бірақ зейнетақы төлеміне өтініш бермеген тұлғалар бойынша Қор жыл сайын Мемлекеттік корпорациямен бірлесіп осы азаматтардың жасына байланысты тағайындалған зейнетақы төлемдерінің және бюджет есебінен мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерінің болуы тұрғысынан салыстырып тексеруді жүргізеді.  Жыл сайынғы салыстырып тексеру нәтижелері бойынша бюджет қаражаты есебінен тағайындалған зейнетақы төлемдері бар адамдар анықталған жағдайда, БЖЗҚ алушыларға мемлекеттік корпорациямен жасасқан тиісті келісім шеңберінде жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде ХҚКО-ға ұсынған банктік деректемелері бойынша зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру проактивті (өтінішсіз) қызметін көрсетеді.

         Бірінші немесе екінші топтағы мүгедектіктің мерзімсіз уақытқа белгіленуіне байланысты зейнетақы жинақтары төлемін алу үшін БЖЗҚ бөлімшелеріне не электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, БЖЗҚ сайтындағы (enpf.kz)  немесе мобильді қосымшасындағы жеке кабинет арқылы жүгіну қажет.

         БЖЗҚ-да мерзімсіз белгіленген бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін көшпелі қызмет көрсетудің ұйымдастырылғанына назар аударамыз. Бұл ретте алдын ала ақыл-кеңес, оның ішінде қызметтерді қашықтан, ешқайда бармай-ақ алу мүмкіндігіне тексеру жүзеге асырылады.

        ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасы басталғанға дейін – 50 жастан бастап алуға болады. Бұған қоса, ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдері белгіленген мүгедектік тобы мен мерзіміне қарамастан мүгедектігі бар адамдарға да беріледі.

         Жасы бойынша немесе мүгедектікке байланысты ЕЗЖ есебінен төлемдер алуға өтінішті enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте онлайн-форматта беруге болады. Төлемдерді алу кестесін салымшы дербес белгілейді.

         Айта кету керек, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері зейнетақы жинақтары таусылғанға дейін жүзеге асырылады.

         enpf.kz сайтындағы "Қызметтер – Зейнетақы төлемдері – Кесте бойынша төлемдер" бөлімінде зейнетақы төлемдерінің түріне, құжаттарды беру тәсіліне, оларды ресімдеуге қойылатын талаптарға байланысты құжаттардың тізбесі, өтініш бланкілері және оларды толтыру үлгілері, сенімхат үлгісі орналастырылған.

        "БЖЗҚ" АҚ қауіпсіздік және салымшыларға қатысты алаяқтықтың алдын алу мақсатында төмендегілерді еске салады:

  • Зейнетақы төлемдерін ресімдеу делдалсыз және комиссиясыз жүргізіледі;
  • БЖЗҚ қызмет көрсету кезінде ақы алмайды, барлық төлемдер қатаң түрде заң бойынша жүзеге асырылады;
  • Мемлекеттік органдардың, банктердің, құқық қорғау құрылымдарының, байланыс операторларының және БЖЗҚ қызметкерлері ешқашан телефон, электрондық пошта немесе мессенджерлер арқылы дербес деректерді, банк карталарының деректемелерін, SMS-кодтарды және өзге де құпия ақпаратты сұратпайды;
  • Егер қоңырау шалушылар Сіздің аты – жөніңізді атап, тұрғылықты мекенжайыңызды және жұмыс орныңызды білсе, бұл олардың ресми тұлға екендіктерін білдірмейді. Қажетті деректердің барлығын әртүрлі тәсілдермен алуға болады.

БЖЗҚ қатаң ескертеді! Ақпаратты ресми көздерден алыңыздар және тек заң шеңберінде әрекет етіңіздер. 

Жақындарыңызды, әсіресе қарт туыстарыңызды ақпараттық қауіпсіздік ережелерімен таныстырыңыздар.

Сақтық шараларын алдын ала қабылдаңыз, осылайша сіз өзіңіздің жеке деректеріңіздің берік қорғалуын, қауіпсіздігін және құпиялылығын қамтамасыз етесіз.

 БЖЗҚ-ның кеңес беру қызметтерін мессенджерлер (+7 777 000 14 18 нөмірі бойынша WhatsАpp және Viber чат-боттары) арқылы, enpf.kz корпоративтік сайтынан, сондай-ақ, Instagram, Facebook, ВКонтакте, Telegram, Одноклассники сияқты әлеуметтік желілердегі БЖЗҚ-ның ресми парақшаларынан алуға болады.  

13 февраля 2026
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан (ЖТС) босатылады

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексіне сәйкес, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін зейнетақы төлемдері, сондай-ақ тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделу мақсаттарына арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) жеке табыс салығынан (ЖТС) босатылады.

Бұл норма Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмайтын тұлғаларға төленетін зейнетақы төлемдеріне қолданылмайды.

Бұрын қалай болды?

Бұрын БЖЗҚ-дан берілетін барлық зейнетақы төлемдері, оның ішінде біржолғы зейнетақы төлемдері де, табыс ретінде қарастырылып, төлем көзінен 10% мөлшерлеме бойынша ЖТС ұсталатын.

Зейнетақы жарналары жеке зейнетақы шоттарына салық салынбай тұрып аударылып, жеке табыс салығы төлем жасау кезінде ұсталатын. Бұл ретте түзету сомалары мен салықтық шегерімдер ескерілді.

Тұрғын үй немесе емделу мақсаттарына пайдаланылған біржолғы зейнетақы төлемдерінен де ЖТС ұсталатын. Алушы өз қалауы бойынша салықты төлем алған кезінде бірден немесе зейнетке шыққанға дейін кейінге қалдырып, төлемдер кестесіне сәйкес төлеу тәсілін таңдай алатын.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қалай болады?

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының резиденттері үшін зейнетақы төлемдерінің барлық түрлерінен, оның ішінде біржолғы зейнетақы төлемдерінен ЖТС ұсталмайды. ЖТС тек Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмайтын тұлғаларға берілетін зейнетақы төлемдерінен ғана ұсталады.

Сонымен қатар, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап тұрғын үй немесе емделу мақсаттарына арналған біржолғы зейнетақы төлемдері бойынша зейнетке шыққанға дейін кейінге қалдырылған ЖТС төлеу міндеттемелері жойылады, алайда бұрын бюджетке төленген салық сомалары қайтарылмайды.

Әлеуметтік осал топтарға жататын тұлғалар біржолғы зейнетақы төлемдері түріндегі салық салынатын табысқа қатысты тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болған айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 882 еселенген мөлшері шегінде салықтық шегерім қолдану құқығына ие.

Бұл санатқа I, II немесе III топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналардың немесе қорғаншылардың бірі, жетім балаларды асырап алған (қамқорлығына алған) ата-аналардың бірі, әскери қимылдарға қатысқан ардагерлер және өзге де тұлғалар жатады. Аталған тұлғалардың толық тізбесі Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 404-бабында көрсетілген. Егер осы санатқа жататын алушылар біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану кезінде ЖТС-ты бірден төлеген болса, олар БЖЗҚ-ға тиісті өтінішпен және растайтын құжаттармен жүгініп, жаңа Салық кодексіне сәйкес ЖТС-ты қайта есептеп, қайтару мәселесін БЗТ алынған күннен бастап үш жыл ішінде жүзеге асыра алады.

Тағы қандай өзгерістер бар?

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке тұлғаның өз пайдасына аударған ерікті зейнетақы жарналары бойынша салықтық шегерімдер жойылады. Бұрын бұл шегерімдер Салық кодексінде белгіленген мөлшерде төлем көзінен салық салынатын табысқа қолданылатын.

 

12 декабря 2025
БЖЗҚ-дағы «Ашық есік күні»: ең өзекті және жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар

Халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу аясында «БЖЗҚ» АҚ-ның барлық филиалдарында 2025 жылдың 4 желтоқсан күні онлайн форматтағы Ашық есік күні өткізілді. Бұл жолы қандай да бір нақты тақырып болған жоқ – Қор мамандары жиналған жұрттың барлық сауалдарына толыққанды жауап берді. Мәселен:

  • Зейнетақы жарналарын аудармаудың салдары қандай?
  • Зейнетақы шотын қалай қадағалап отыруға болады?
  • Еңбек қызметі аяқталғаннан кейін де берекелі өмір сүру үшін зейнетақы жоспарын жасауды қай кезден бастаған дұрыс?  

Өткізілген іс-шара барысында осы және өзге де тақырыптар қызу талқыға түсті.  БЖЗҚ мамандары қатысушыларға өз зейнетақы шоттарын мониторингілеу үшін ұсынылатын Қордың онлайн-құралдары мен сервистерін пайдалану мүмкіндіктері, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге біржолғы зейнетақы төлемін (БЗТ) алуға өтініш жасау тәртібі, инвестициялық кірістің өзгеру себептері және зейнетақы төлемдеріне құқығы бар тұлғаларға кесте бойынша төлемдерді есептеу әдісі туралы әңгімелеп берді. Бұдан басқа, өңірлік бөлімшелердің жауапты қызметкерлері басқа да қызықтырған сұрақтарға жауап беріп, жеке кеңестерімен көмектесті.

Онлайн кездесу үлкен қызығушылық тудырып, қатысушылардың пікірлері бойынша пайдалы және нәтижелі болды. 

Естеріңізге сала кетейік, салымшылар мен алушылар үшін Қор есігі әрдайым ашық. Зейнетақы жүйесінің мәселелері бойынша ақыл-кеңесті салымшылар БЖЗҚ филиалдарында да, enpf.kz сайты, мессенджерлер және әлеуметтік желілер арқылы онлайн режимінде де ала алады. Оған қол жеткізу тәсілдері  де іс-шарада айтылды.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы