Бертіс шығанағы аймағындағы экологиялық жағдайды зерттеу барысында экожүйені қалпына келтіру бойынша ұсыныстар әзірлеу

Бертіс шығанағы аймағындағы экологиялық жағдайды зерттеу барысында экожүйені қалпына келтіру бойынша ұсыныстар әзірлеу

Ағымдағы жылғы 16 тамызда Қарағанды облысы әкімінің тапсырмасымен Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы және Балқаш қаласының әкімдігімен қалалық әкімдік ғимаратында әкімдік өкілдері мен «AspanTau LTD» ЖШС мамандары және жергілікті тұрғындар мен Балқаш қаласының ақсақалдар өкілдері арасында кездесу өтті.
Отырыс барысында «AspanTau LTD» ЖШС жауапты орындаушысы г.ғ.к. Е.А.Тұрсыновтың баяндамасы тыңдалды. Баяндамада Бертіс шығанағы суының гидрохимиялық көрсеткіштеріне талдау жасалып, шығанақ түбін механикалық тазалау технологиясы ұсынылды.
Жиынға қатысушылар шығанақты аралап, ресми карталарда белгіленбеген, яғни рұқсат етілмеген гидротехникалық құрылыстардың жағдайымен танысты.
Пирс және дамба түріндегі бұл инженерлік құрылыстар жағалауды белсенді қорғауға арналғанымен, олар жағалау бойында шөгінділерді жинақтауға әкеліп соққан. Оның себебі Балқаш көлінің қарастырылып отырған бөлігінде су ағысы солтүстік-батыс жағалауды бойлай оңтүстіктен солтүстікке бағытталған. Бұл негізгі ағыс шығанақпен өткенде оның суын бірге ілестіріп алады да, нәтижесінде шығанақтың өзінде әлсіз құйын түріндегі жағалау ағысы пайда болады. Аталмыш ретсіз салынған құрылыстар осы ағысты дәрменсіздендіріп, шөгінді пайда болуына әкеледі.
Сондықтан жергілікті тұрғындардың аталмыш құрылымдарды алып тастап, бұл ағысты қалпына келтіру туралы ұсынысы өте орынды.
Сондай-ақ, қариялар қолданыстағы және жоспарланған демалыс үйлері мен басқа да нысандарды тазарту қондырғыларымен міндетті түрде қамтамасыз етілсе деген тілектерін білдірді.
Осымен қатар, жергілікті тұрғындар Балқаш көліне судың кедергісіз келуі үшін Іле өзені мен оның сала арналарын тазарту қажеттілігіне және Қапшағай су электр станциясынан шыққан суларды реттейтін қондырғы құрылымын салуға баса назар аударды.
Орындаушы «AspanTau LTD» ЖШС жергілікті тұрғындардың тілектері мен кеңестерін ескеріп, жұмыс барысында, яғни, қорытынды ұсыныстарда көрініс табатынын мәлімдеді.