Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының 2022 жылғы 9 ақпандағы №7 бұйрығына сәйкес Қарағанды облысының аумағында 2022 жылғы 15 сәуірден бастап кең ауқымды «Уылдырық шашу» акциясы басталады.
Бұл акцияның мақсаты балықтардың уылдырық шашу кезеңінде жануарлар дүниесі объектілерін рұқсатсыз алып қоюдың алдын алу іс-шараларын жүргізу болып табылады.
Мәселен, Қарағанды облысының аумағында орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 2015 жылғы 24 шілдедегі № 190 «Жануарлар дүниесі объектілерін, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларды енгізу, оларды пайдалану орындары мен мерзімдерін белгілеу туралы» бұйрығына сәйкес, балықтардың уылдырық шашу кезеңі балық түріне қарай 15 сәуірден басталып, 30 маусымға дейін жалғасады.
Осыған байланысты Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы Нұра-Сарысу және Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекцияларымен бірлесіп, осы бұйрықты орындау бойынша жұмысты жандандырып, күшейтетін болады.
Қарағанды облысының балық шаруашылығы су айдындарында балық ресурстары мен басқа да су жануарларының уылдырық шашуы және көбеюі кезеңінде Балқаш көлінде – 15 сәуір мен 1 маусым аралығында, Қарағанды облысының Нұра-Сарысу бассейнінің су айдындарында көксерке аулауға – 20 сәуір мен 20 мамыр аралығында, сазан (тұқы) – 1 мамыр мен 30 мамыр аралығында тыйым салынады.
Бұл шектеулер мен тыйымдар балық ресурстары мен басқа да су жануарларын сақтау және өсімін молайту мақсатында енгізілген. Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану қазіргі заманның өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Жануарлар дүниесі объектілерін молықтыру және ұтымды пайдалану мақсатында табиғат қорғау заңнамасын мүлтіксіз сақтау қажет. Табиғат қорғау құқық бұзушылықтарын жасауға кінәлі адамдар әкімшілік, қылмыстық және азаматтық-құқықтық жауапкершілікке тартылады.
Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының хабарлауынша