
Жуырда ауданымызға арнайы жұмыс сапарымен ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қ.Бозымбаев, Қарағанды облысының әкімі Е.Бөлекпаев, төтенше жағдайлар министрі Ш.Аринов және Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы М.Аманбаев арнайы келді. Сапар барысында аудандағы су тасқыны қауіпті учаскелерді аралап, Нұраталды ауылдық округіне қарасты Ақсу ауылында болды. Арнайы келген Үкімет өкілдерін қарсы алған аудан әкімі М.Мұхтаров Ақсу ауылында тұрғызылған ұзындығы 2,3 шақырымды құрайтын қорғаныс білігімен таныстырып, жалпы өлкеміздегі су тасқынына қарсы қосымша су өткізу құбырларын салу, тазарту сынды өзге де атқарылып жатқан дайындық жұмыстары туралы баяндады. Премьер-министрдің орынбасары Қ.Бозымбаев ауданда су тасқынына қарсы қажетті жұмыстардың жүруіне оң бағасын беріп, алайда әлі апаттық төтенше жағдайларға дайын болу керектігін және барлық жағдайды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.