
Ескі жылмен қоштасып жаңа жылмен қауышар кезеңде ауданымыздың өсіп - өркендеуіне үлестерін қоса білген бір топ сала ардагерлерімен және қазіргі таңда бірлесе жұмыс атқарып келе жатқан әріптестеріммен кездесу өткіздім. Айтулы шарада биылғы жылы аудан аумағында атқарылған негізгі ауқымы ірі жұмыстарға тоқталып, қол жеткізген жетістіктеріміз бен алдағы мақсат - жоспарларыммен бөлістім. Сонымен қатар, ағымдағы жылы өз саласы бойынша жақсы нәтиже көрсеткен әріптестеріме алғысымды айтып, марапаттарын табыстадым.
Тағы бір жағымды жаңалық биылғы жылы шежірелі өлкеміздің әлеуметтік – экономикалық дамуына қажыр - қайраттарын арнаған сала ардагерлеріне «Шет ауданының Құрметті ардагері» атағын беру туралы аудандық ардагерлер кеңесінің қаулысы шығып отыр. Осыған орай, кездесу барысында ұзақ жылдар бойы туған жеріміздің көркеюіне өз үлестерін қосып жүрген бірқатар аға буын өкілдеріне алғашқы рет Шет ауданының Құрметті ардагері куәлігі мен төсбелгілерңн салтанатты жағдайда табыс еттім. Осы орайда, алдыңғы аға буын өкілдері мен әріптестерімді лайықты марапаттарымен тағы бір мәрте құттықтаймын.
Алдағы уақытта да еңбектеріңіз еленіп, ел - жұртымыздың риясыз ризашылығына кенеле беріңіздер.
Жаңа жыл әр отбасыны жағымды жаңалықтарымен қуанта берсін! Құрметпен,
Шет ауданының әкімі М.Мұхтаров