
Аудандық мәдениет үйінде 25 - қазан Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті. Айтулы шараға аудан әкімі М.Мұхтаров арнайы қатысып, тұрғындарды мәртебесі биік мемлекеттік мерекемен құттықтап, мән - маңызына тоқталып өтті. Сондай - ақ, аудан басшысы шежірелі өлкемізде түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген бір топ сала қызметкерлеріне “ Аманат” партиясының төрағасы Е.Қошановтың және Қарағанды облысының әкімі Е.Бөлекпаевтың “Құрмет” грамоталары мен Алғыс хаттарын табыс етті.
Осыдан кейін ауданның әлеуметтік - экономикалық дамуына өлшеусіз үлестерін қосқан бір топ ел көлеміне танымал жерлестерімізге аудан әкімі мен аудандық мәслихат төрағасы С.Социал Шет ауданының Құрметті азаматы лентасы мен төсбелгісін тапсырды. Нақтырақ айтқанда, осынау айрықша атаққа ауылшаруашылық саласын зерттеуші ғалым, мемлекеттік қызмет ардагері
К. Сарханов, ауданымыздағы білім беру саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан сала ардагері С.Кенжебаева,
мемлекеттік қызмет саласының және қазақ журналистикасының ардагері С.Жәмкеновтер ие болды.
Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары О.Стыбаев бірқатар сала мамандарын аудан әкімінің “Құрмет” грамотасы мен Алғыс хаттарымен марапаттаса, жыл қорытындысы бойынша өз мамандықтарында жоғары жетістіктерге қол жеткізген бір топ сала мамандарына “Үздік маман иегерлері” номинациялары мен естелік сыйлықтарын табыс етті. Салтанатты жиыннан соң, жергілікті өнерпаздар дайындаған концерттік бағдарлама көпшіліктің қошеметіне ие болды.