
Ауданға қарасты Босаға ауылы өзінің 90 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтті.
Босаға өлкесі қазақ халқына танымал небір талантты тұлғаларды дүниеге әкелген киелі мекен. Кейінгі жылдары ауылдың инфрақұрылымын дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар жүзеге асуда. Мәселен, жаңадан заманауи жабдықталған фельдшерлік акушерлік пункт, саябақ бой көтерсе, спорттық инфрақұрылымды дамыту мақсатында көпсалалы футбол хоккей корты орнатылды және «Тау» шаруа қожалығының демеушілігімен «Ардагерлер алаңы» салынып, мемориалдық тақта қойылды. Сондай-ақ, «Ауылым – Ел бесігі» бағдарламасы арқылы мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары, ауылдың ішкі көшелерін жарықтандыру жұмыстары мен ішкі көше жолдарын жөндеу жұмыстары жүргізілген. Осындай үлгілі ауылдың торқалы тойы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Ауыл жұртшылығын шараға арнайы барған аудан әкімінің міндетін атқарушы Д.Кәрсембаев торқалы тойымен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.
Аталмыш іс-шарада мереке құрметіне орай қазақ күресі, өгіз көтеру, жаяу жүгіру жарысы, кір тасын көтеру, бәйге сынды спорт түрлері бойынша сайыстар ұйымдастырылып, арнайы шақырылған МузАрт тобы мен ауыл өнерпаздарының концерттік бағдарламасы тұрғындар назарына ұсынылды. Ал әр сайыстан жүлделі болған жеңімпаздар бағалы сыйлықтарға ие болды.