КЕСЕНЕНІҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

КЕСЕНЕНІҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

ауданымыздағы Үңірек ауылдық округінің Қармыс ауылында данқты Ағыбай батырдың анасы Қойсана Байғозықызына арнап тұрғызылған кесененің салтанатты ашылуы болды. Аталмыш іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Қ.Садықов бастаған әкімдік өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты. Кесененің ашылу салтанаты “Қойсана Ана” атты театрландырылған көрініспен басталды. Сахналық қойылымнан соң алғашқы құттықтау сөз кезегін алған аудан әкімінің орынбасары жылы лебізін білдіріп, ауыл жұртшылығын қуанышты күндерімен құттықтады. Сондай-ақ, келесі құттықтау сөз кезегінде Тарақты руының Президенті Асылхан Сейдімбеков, Жидебай батыр қорының Президенті Бақытжан Тұрсынұлы жүрекжарды тілектерін жеткізсе, Шұбыртпалы руының ақсақалы Иманбек атамыз өзінің ғибратты ақ тілегін жаудырды.
Осыдан кейін, Қойсана ана мазарының бүгінгі күнге дейін сақталуына үлкен үлесін қосқан азаматтарға және осыдан бірнеше ай бұрын, нақтырақ айтар болсақ 27 мамырдан бүгінге дейін Қойсана ананың есімін ұлықтау бойынша республикалық деңгейде өткен ақындар мүшәйрасының қорытындысы бойынша жүлдегерлерге арнайы марапаттар табысталды.
Осыдан кейін, Қойсана Байғозықызы мен барша марқұмдардың рухына құран бағыштау мақсатында ақ дастархан жайылды.
Шара соңында дәстүрлі садақ атудан турнир өтіп, қатысушыларға тиісті марапаттар табысталды.