
Кеше аудандық орталық кітапхана қабырғасында өлкеміздің белгілі ақыны, журналист, Серғазы Қабылдаұлының бірыңғай лирикалық өлеңдері топтастырылған «Бейнең қалды көзімнің шарасында» атты жыр жинағының тұсауы кесіліп, «Ақын жыры-өмір сыры» атты шығармашылық кеші өтті.
Кеш барысында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Асхат Ахметов құттықтау сөз сөйлеп, Шет ауданы әкімінің “Құрмет грамотасы” мен естелік сыйлығын табыстап, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты.
Осыдан кейін ақынның шашбауын көтеріп келген, есімдері берісі Арқа, әрісі Алашқа танымал қалам иелері жергілікті ақын Тезекбай Амандықұлы, этнограф - жазушы Төрехан Майбас, журналист Оралбек Жүнісұлы, этнограф, қоғам белсендісі Аңғар Смағұлов, журналист, публицист Нұрхан Хамзеұлы, “Орталық Қазақстан” газеті бас редакторының орынбасары, жерлесіміз Қызғалдақ Асқарқызы сынды зиялы қауым өкілдері жылы лебіздерімен бөлісті.
Шара барысында кеш иесінің өнегелі өмірінен сыр шертетін әдеби ақпараттар оқылып, «Ақын халық тамыршысы» атты кітап көрмесі және аудандық музей ұжымы дайындаған фото көрмелер оқырмандар назарына ұсынылды.