АУЫЛ МЕРЕЙТОЙЫ АТАЛЫП ӨТТІ

АУЫЛ МЕРЕЙТОЙЫ АТАЛЫП ӨТТІ

Ауданға қарасты С.Сейфуллин атындағы кенттің Жарық бекеті өзінің 90 жылдық мерейтойы мен қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, сұңқар ақын С.Сейфуллиннің 130 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтті.
Жарық өлкесі қазақ халқына танымал небір талантты тұлғаларды дүниеге әкелген киелі мекен. Кейінгі жылдары ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар жүзеге асуда. Мәселен, кентте балалар және жасөспірімдер спорт мектебі, жаңа мешіт, жаңа дәрігерлік амбулатория ғимараты бой көтерсе, кент тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша жаңа су құбыры салынып қолданысқа берілді. Қазіргі таңда Бұғылы көшесіне Футбол алаңын орнату жұмыстары, Қазыбек би көшесіне мектеп жасына дейінгі балаларға арналған балалар ойын алаңын көтеру жұмыстары, сондай-ақ “Ауыл-ел бесігі” жобасы шеңберінде ұзындығы 3,8 шақырымды құрайтын кентішілік автокөлік жолдарын орташа жөндеу жұмыстары қарқынды іске асуда. Осындай үлгілі ауылдың торқалы тойы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Ауыл жұртшылығын шараға арнайы барған аудан әкімі М.Мұхтаров торқалы тойымен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.
Аталмыш іс-шарада мереке құрметіне орай қазақ күресі, қошқар көтеру, арқан тарту және де бәйге жарыстары сынды ұлттық спорт түрлері бойынша сайыстар ұйымдастырылып, өнерпаздардың концерттік бағдарламасы тұрғындар назарына ұсынылды. Ал әр сайыстан жүлдегер болған жеңімпаздар бағалы сыйлықтарға ие болды.