
Кеше ауданымызға Қарағанды облысы әкімінің еңбекті қорғау мен қауіпсіздігі, тұрғындарды әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту, денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі орынбасары Е.Құсайын арнайы іс-сапармен келді. Әкім орынбасары сапар барысында ауданда қарқынды жүріп жатқан медицина саласының құрылыстарын аралады. Бірінші кезекте Нұраталды ауылдық округіне қарасты Қызылқой және Ақсу ауылына барып, бой көтеріп жатқан медициналық пункт құрылыстарымен танысып, құрылыс алаңындағы жұмыскердің санын көбейту, қажетті материал көздерін уақытылы жеткізуді қадағалау сынды бірқатар ескертпелер жасады. Сондай-ақ, Талды ауылдық округі, Талды ауылы мен Кеншоқы ауылдық округі, Нұра ауылында жаңадан салынып жатқан ФАП ғимаратының құрылыстарын аралап, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету қызметтеріне, халықты жұмыспен қамту бағытындағы міндеттерді сапалы орындауға баса назар аударуды тапсырды. Осыдан кейін, аудан әкімдігінің мәжіліс залында кездесу өткізді. Оған Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының емдеу-профилактикалық жұмыстары, АҚ және ТЖ жөніндегі орынбасары - Абзалиев Қанат Баяндыұлы қатысты. Ал Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Жүніспекова Әсем Айтжанқызы және ауылдық округтер мен кент әкімдері онлайн форматта қатысты. Отырыс барысында аудан халқының тұрмыс жағдайын жақсарту және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру туралы маңызды әлеуметтік мәселелер талқыланды. Нақтырақ айтқанда, «Отбасының цифрлық картасы» жобасы, тұрғын үйдің әлеуметтік-экономикалық мәні, жұмыссыздықты жою мәселелері туралы тақырыптар қозғалды.
Осыдан кейін, іс-сапар Еркіндік пен Батық ауылдарындағы медициналық пункт құрылыстарын және Ақой ауылындағы ФАП ғимаратының құрылыстарын аралаумен жалғасын тапты.