АУЫЛ МЕРЕЙТОЙЫ АТАЛЫП ӨТТІ

АУЫЛ МЕРЕЙТОЙЫ АТАЛЫП ӨТТІ

Ауданға қарасты Киікті ауылдық округі өзінің 90 жылдық торқалы мерейтойын салтанатты түрде атап өтті.
Киікті өлкесі қазақ халқының хас батыры (Ақжолтай) Ағыбай батырдан бастап, белгілі композитор С.Мұхаммеджанов, жазушы Софы Сматаев сынды талантты тұлғаларды өмірге әкелген киелі мекен. Кейінгі жылдары ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар жүзеге асуда. Мәселен, С.Мұхамеджанов атындағы 150 орындық жаңа мектеп пен фельдшерлік акушерлік пункт ғимараты бой көтеріп, тұрғындардың демалуына арналған саябақ салынса, қазіргі таңда елді мекеннің 14 шақырымдық жолын жөндеу қарқынды іске асуда. Осындай үлгілі ауылдың торқалы тойы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Ауыл жұртшылығын шараға арнайы барған аудан әкімінің орынбасары О.Стыбаев торқалы тойларымен құттықтап, ізгі лебізін білдірді. Сондай-ақ, ауыл әкімі М.Смағұлов ұйымдастырушы азаматтарға өз ризашылығын жеткізсе, келесі құттықтау сөз кезегінде ауыл жаңашыры Ж.Мұса жиналған жұртшылықты 90 жылдық мерейтоймен құттықтай отыра, жүрекжарды лебізін білдірді. Айта кетейік, шара барысында ұйымдастыру алқасы ауыл мақтанышына айналған ардақты азаматқа “Алғыс хат” табыстап, иығына дәстүрге сай қазақтың шапанын жапты.
Осыдан кейін, мереке құрметіне орай ат жарысы, күрес, қол күрес, кір тасын көтеру, арқан тарту, қошқар көтеру, көкпар, асық ату сынды ұлттық спорт түрлері бойынша сайыстар ұйымдастырылып, өнерпаздардың концерттік бағдарламасы тұрғындар назарына ұсынылды. Ал, әр сайыстан жүлдегер болған жеңімпаздар ауыл азаматтарының демеушілігімен алынған бағалы сыйлықтарға ие болды.