
Жуырда ғана «Amanat» партиясының ауқымды экологиялық акциясы – «Таза Қазақстан» Road-эстафетасы ауданымызға келіп жетті. Табиғат ананы аялауға, қоршаған ортаны таза ұстауға шақырған эстафета мүшелерін аудан әкімі М.Мұхтаров пен «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Б.Баданов бастаған ел азаматтары үлкен ықыласпен қарсы алды. Игі шараның бастамашы тобында еліміздегі Парламент Мәжілісінің депутаты Ж.Амантайұлы, Қарағанды облыстық «AMANAT» партиясы филиалының төрағасы Б.Алтынбеков, облыстық «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Е.Хамитов, республикалық «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы А.Ескендіровалар мен қазыналы аймақтан іріктелген ерікті жастар болды. Аталмыш акция аясында белсенділер мен волонтерлер жол бойы мен іргелес орналасқан автотұрақтар аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, жастар қауымымен жүздесіп, азаматтарға жеке мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау өткізді. Шара барысында аудан әкімі өнегелі істің басы қасында жүрген ел азаматтары мен туған жердің тазалығына белсене атсалысып жатқан жастарға жүрекжарды ризашылығын білдірді.Айта кету керек, айтулы эстафетаны қабыл алған ауданымыздың бір топ белсенді азаматтары Қарағанды - Балқаш бағытындағы жол бойының тазалық жұмыстарына қатысып, эстафета мүшелеріне сәт - сапар тіледі.