
Аудан әкімі М.Мұхтаров жұмыс барысымен Ақшатау кентінде болды. Алдымен аудан басшысы «Вольфрам Ресурс Груп» ЖШС-ның бастауымен «Аммоний паравольфраматын өндіретін гидрометаллургиялық зауыт құрылысы» жобасының іске асуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, мердігермен кездесті. Аталмыш жобаның қуаттылығы 436,5 тонна аммоний паравольфраматын құрайды, ал зауыт толықтай іске қосылғанда 168 жаңа жұмыс орындары ашылады. Алдағы уақытта кәсіпорынның өндірген өнімі аудан бойынша өңдеу өнеркәсібі саласының еңбек өнімділігін арттыруға және өңделген тауарлар экспортының көлемін ұлғайтуға бағытталып, толықтай шетел нарығына шығару жоспарлануда. Қазіргі таңда, жобаның тиісті құжаттары рәсімделіп, сақтау қоймасы, ангар, күзет бекетінің ғимараттары мен өлшеу құрылғысы салынған.
Осыдан кейін, кенттегі ұзақ жылдар бойы иесіз тұрғын үйлерді бұзу және қоқыстарын сыртқа шығару жұмыстарын аралады. Сондай – ақ, кенттегі орта білім беру мектебіне соғып, жуық аралықта атқарылуы тиіс құрылыс жұмысын көріп қайтты.