
Ақсу - Аюлы ауылындағы орталық стадионда халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Балажан: ата-аналардың еріктілік қызметі» атты аудандық оқушылар шеруі өтті. Аудан әкімдігінің қолдауымен және білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен шараға аудан аумағындағы барлық орта білім беру мектептерінің оқу үздіктері қатысты. Шырайлы шеруде талантты шәкірттерден құралған «Жас домбырашылар» Ә. Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін нақышына келтіре орындады. Осыдан кейін, алғашқы болып аудан әкімінің орынбасары О.Стыбаев құттықтау сөз сөйлеп, балауса балғындарға қажетті барлық қолдау көрсетіле беретінін жеткізді. Ал, аудандық білім бөлімінің басшысы Р.Абенова 2023-2024 оқу жылында түрлі деңгейдегі олимпиадалар мен шығармашылық, спорт жарыстарында үздік жетістіктерге жеткен оқушыларды «Жас дарын», «Олимпиада жұлдызы», «Жас зерттеуші», «Өнер қыраны», «Спорт жұлдызы» сынды номинациялармен марапаттады. Келесі кезекте аудандық С.Мұхаммеджанов атындағы балалар өнер мектебі, «Асылым» би ансамблі, «Қызғалдақ» әншілер тобы, «Әуен» тобы, «Кәусар» хореографиялық ансамблі құрамындағы дарынды балалар сахна төрінде өз өнерлерін ортаға салды. Балаларға көтеріңкі көңіл - күй сыйлаған шара соңында Ақсу - Аюлы ауылдық округ әкімдігі тарапынан тегін балмұздақтар таратылды.