
Еліміздегі балауса балғындардың мерекесінде ауданға қарасты С.Сейфуллин кентінде «Қорлан апа» атындағы жаңа балабақша ашылды. Мемлекеттік - жекеменшік серіктестік негізінде 47 орындық балабақшаның ашылу салтанатына аудан әкімі М.Мұхтаров бастаған әкімдік өкілдері, білім бөлімінің қызметкерлері мен кент тұрғындары қатысты. Шара барысында аудан басшысы құттықтау сөз сөйлеп, өзінің ата - анасы тұрған шаңырақты мемлекетке тегін берген заң ғылымдарының докторы, профессор, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Н.Дулатбековке және оны мемлекеттік бағдарлама аясында жаңартып, қосымша құрылыс жұмыстарын жүргізіп, балабақша ғимаратына айналдырған кәсіпкер Хайролла Нұрабайұлына алғысын білдірді. Сондай - ақ, өз кезегінде Нұрлан Орынбасарұлы Қорлан анасының есімін иеленген балабақшаның ашылуына қуанышты екендігін айтып, балабақша алаңына ойын элементтерін сыйға тартты. Айта кету керек, Нұрлан Орынбасарұлы өзінің балалық шағы өткен қара шаңырақтың ел игілігіне арналған нысан болуына демеушілік көмек көрсеткен. Балауса балғындардың білім мен тәрбие ордасы саналатын мекеменің салтанатты түрде лентасын кесу құрметі аудан әкімі М.Мұхтаров пен Н.Дулатбековтың әпкесі Б.Дулатбековаға берілді. Қазіргі таңда балабақшаның ашылуы 17 кент тұрғынының тұрақты жұмыспен қамтылуына себеп болды.