Ермағанбет Бөлекпаев су тасқынынан зардап шеккен Шет ауданының тұрғындарымен кездесті

Ермағанбет Бөлекпаев су тасқынынан зардап шеккен Шет ауданының тұрғындарымен кездесті

Су тасқынынан зардап шеккен Шет ауданының тұрғындары жаңа үйлерінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп, орныға бастады. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ауыл тұрғындарына барып, қызыл судан анағұрлым көбірек зардап шеккен учаскелерді аралады.
Шет ауданындағы су тасқынынан зардап шеккендерге шұғыл түрде мемлекеттен 100 АЕК мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленді. Ауыл тұрғындары бүлінген мүлік үшін де өтемақы алды. Қырылған малдың құны өтелді.
54 үйде жөндеу жүргізу қажет. Тұрғындар оны өздері жасайды. Бұл жұмыстарға өтемақы төленді. Апатты алты үйдің орнына бес үй сатып алынды, біреуі салынады.
Отбасылар жаңа тұрғын үйге біртіндеп көшіп жатыр. Жергілікті жағдайды Ермағанбет Бөлекпаев бағалап қайтты.
Наталья Фегиленің Красная Полянадағы үйі апатты деп танылды. Оған жаңа үй сатып алынды, енді ол жұбайымен бірге заттарды көшіріп жатыр.
– Бізге заттарды жинау, малды шығару үшін алдын ала хабарлағаны жақсы болды. Көптеген нәрселерімізді құтқарып үлгердік. Қазір біз ескі үйден мүлікті алып, жаңа үйде жайғасып жатырмыз. Біз шағын жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Маған бәрі ұнайды, мұнда бөлмелер ескі үйіміздегіден көбірек. Тез арада өтемақы бергені үшін рахмет! – дейді ауыл тұрғыны.
Ақсу ауылында зардап шеккендерге қосалқы шаруашылық құрылыстары бар жақсы үйлер сатып алынды.
Орынбек Жұмажанов Ақсу ауылында 90-шы жылдардан бері тұрады. Оның үйі қатты зардап шекті.
– Бізге жаңа үйді өзіміз таңдап алуға рұқсат етті, біз таңдадық. Отбасымыз үлкен. Жұбайым екеуміз зейнеткерлерміз. Бізбен бірге ұлымның отбасы тұрады. Оның төрт баласы бар. Бізді қиын жағдайда қалдырмағанына өте қуаныштымыз, – дейді Орынбек Жұмажанов
Облыс әкімі ауыл тұрғындарына жаңа үйлерде амандық тіледі.
– Президенттің тапсырмасы бойынша біз барынша қысқа мерзімде барлығына өтемақы төлеуге және үй сатып алуға тырыстық. Бүгін мен зардап шеккендермен жеке кездесуге, барлық тапсырмалардың орындалғанына көз жеткізу үшін келдім. Сіздер жаңа үйлерде жайлы өмір сүресіздер деп үміттенемін. Бар жақсылықты тілеймін! – деді аймақ басшысы.