
Құрметті жерлестер!
Баршаңызды бүгінгі шығыс халықтары үшін жыл басы саналатын, ата – бабамыздан мирас болып келе жатқан Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз – қыстың көбесі сөгіліп, тіршілік атаулыға жан бітіп, жасарып, жаңаратын, жаңа күннің парағын ашып, әрі болашаққа бағыт – бағдар жоспарлайтын айрықша сәт.
Биылғы ұлық мереке ел Президенті Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың наурыз мерекесін тойлау туралы «Наурызнама» тұжырымдамасына сәйкес, ауданымызда ерекше сипатта аталып өтуда.
Наурыз айының әрбір күні салт – дәстүріміз, ән мен жырымыз, ұлттық болмысты айшықтайтын киімдеріміз бен спорттық ойындарымыз дәріптелуде. Күн мен түн теңелетін, ағайын – туыс қуанышқа кенелетін бүгінгі күнді де аудан жұртшылығы жақсы көңіл – күймен қарсы алып, өз деңгейінде атап өтуде. Әрбір киіз үйлердегі дастарханның төрінен орын алған ұлттық тағамдарымыз бен салт – дәстүрімізден сыр шертетін көріністер жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік дара қасиеттерді дарытады деп сенемін.
Осы орайда, Сіздерді ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамымен тағы бір мәрте құттықтай отыра, бойларыңызға сарқылмас қуат, шаңырақтарыңызға шұғылалы шуақ, еңбектеріңізге табыс пен сәттілік тілеймін. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын ағайын!
Ізгі ниетпен,
Шет ауданының әкімі М.Мұхтаров