
Бүгін аудан әкімі М.Мұхтаров, аудан прокуроры Е.Жаппар, мәслихат төрағасы С.Социал және ауданның сала бөлім басшылары Ақжал кентіндегі “Nova Цинк” кәсіпорнына іс - сапармен барып, іргелі кен орнының ұжымымен жүздесті.
Алдымен аудан әкімі ағымдағы жыл басында кен орнының басшылығына жаңадан тағайындалған Джангельдинов Айдар Болатұлын ел азаматтары атынан қызметімен құттықтап, еңбегіне табыс тіледі. Осыдан кейін, кездесу барысында жұмыскерлерге жасалып отырған еңбек жағдайларымен танысып, алдағы уақытта аудан әкімдігі мен кен орнының екеуара ынтамақтастығы аясында ел игілігіне атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыттарын белгілеп өтті. Айта кету керек, қазіргі уақытта кен орнындағы жұмыскерлердің жұмыс жасауына тиісті жағдайлар жасалынған. Алайда, еңбек жағдайын одан әрі жақсарту, кен орнының материалдық - техникалық базасын кеңейту мәселелері алдағы уақытта да жалғасын таппақшы екен.
Кәсіпорын басшысы да биылғы жылы әкімдік пен кәсіпорын арасындағы өзара келісім арқылы кен орнының қаржысына елді мекенді абаттандыру, кенттегі әлеуметтік маңызы бар нысандарды жандандыру сынды көптеген игі шараларды атқару жоспарда тұрғандығын тілге тиек етті. Сондай - ақ, жиында кен орнының қызметкерлері тарапынан кентке жоғары білімді дәрігер маманының бірінші қажеттілігі айтылды. Өз кезегінде аудан әкімі бұл мәселе аудандық орталық аурухана мекемесі арқылы жақын аралықта оң шешімін тауып, тұрғылықты бір дәрігер маман келетінін және ол маманды тұрғылықты үй - жаймен қамтасыз етуге ықпал жасайтындығын жеткізді. Ал, кездесуде көтерілген өзге де ұсыныс - пікірлерге заң аясында жауаптары беріліп, кейбір мәселелер жұмыс жоспарына алынды.