
Жуырда Қарағанды қаласында елімізге танымал жазушы - этнограф, журналист, белгілі өлке тарихын зерттеуші Т.Майбастың 70 жас мерейтойы аталып өтті. Шара шымылдығы Н.Гоголь атындағы облыстық ғылыми-¬әмбебап кітапханасында «Алжыған ғасыр» кітабының тұсаукесерінен басталып, Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында «Ең алдымен сөз болған…» атты әдеби танымдық кеш өтті. Әдеби кеш Т.Майбастың «Көкбөрі» пьесасымен басталып, актерлер кеш иесінің өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Осыдан кейін, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Д.Әркенов, әнші Е.Төлеутай және ауданымыздан Ы.Төлегенов атындағы ән-би халық ансамблінің өнерпаздары ән-жырдан шашу шашса, ақын А.Болатов арнау айтып шара шырайын келтірді. Кештің ресми бөлігінде облыс әкімінің орынбасары Е.Құсайын сөз алып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин мырзаның құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ, аудан әкімі М.Мұхтаров аудан халқы атынан жылы лебізін білдіріп, құттықтау хатын табыстады. Жазушының иығына қазақы дәстүрмен оқалы шапан жауып, астына ат мінгізді. Мерейтой иесінің өмірдегі, өнердегі рухани ұстазы белгілі қаламгер Өмір Кәріп ақсақал да арда ұлын ардақтап жатқан азаматтарға риясыз ризашылығын айтып өтті.