Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі М.Мұхтаров өлкеміздің спортшыларымен кездесу өткізді. Кездесуге ауданымыздың атын сырт жерлерге танытып жүрген саңлақ спортшылар мен жаттықтырушылар арнайы шақырылып қатысты. Кездесу барысында аудан әкімі биылғы спорт саласындағы айтулы жетістіктерге тоқталып өтті. Осыдан кейін, аудан әкімі биылғы жылы әлем, азия, республика деңгейінде жеңімпаз атанған спортшыларды марапаттап, аудан әкімінің қаржылай сертификаттарын табыстады. Нақтырақ айтқанда, самбодан спорт шеберлері арасында әлем чемпионатының жеңімпазы Қ.Сағындық, Араб мемлекетінің Абу-Даби қаласында спорт шеберлері арасындағы өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері С.Айнатаев, қола жүлдегерлері Қ.Амантайұлы мен Е.Омаров, дзюдо күресінен Азия чемпионатының жеңімпазы Д.Жұмажан, қол күрестен Азия чемпионатының қола жүлдегері Е.Орынбай аудан әкімінің қаржылай сертификаттарына ие болды. Өз кезегінде спортшылар қауымы да жылы лебіздерін жеткізіп, арнайы құрметтеп жатқан аудан әкімдігіне алғыстарын білдірді.