
2023 жылғы 23 қараша күні аудан аумағында «Қыс – 2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді. Оқу-жаттығудың тақырыбы: «Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдары мен күштерін қысқы кезең жағдайындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-қимылдарға дайындау». Оқу-жаттығуға тактикалық жоспар дайындалып, практика жүзінде пысықталды: Ақсу-Аюлы ауылынан Балқаш қаласының бағытына қарай 45 шақырым жердегі Екатеринбург-Алматы тас жолында қатты боранның және қардың көп түсуінен ұзындығы 120 метрде қар құрсауында 2 автобус, 4 жеңіл көлік және 3 жүк көлігі қалып қойған. (Көліктерде алғашқы ақпараттар бойынша 70 адам). Күннің боран болуына байланысты тас жолдар жабылды. Көліктердің жанар-жағармайлары таусылып, көлік ішіндегі адамдарға қауіп бар. Оқиға бойынша 112 нөміріне түскен хабар шұғыл әрекет ету құрылымдарына хабарланады. Түскен хабар бойынша оқиғаға қатысы бар мекемелер төмендегідей іс-шараларды атқарады. ДЭУ-77 және «ШетКоммунСервис» мекемесі ауыр техникаларымен барып, қар құрсауында қалған автокөліктердің жолдарын қардан тазалау жұмыстары жүргізілді. Полиция бөлімінің қызметкерлері қауіпсіздікті сақтау және жол көлік оқиғасының алдын алу мақсатында қары аршылған жолдың екі жағына автокөліктерін қойып қауіпсіздік шараларын жүргізді. Шет ауданының әкімшілігі және №14 өрт сөндіру бөлімі бірлесе жолда қалған жолаушыларды автокөліктен шығарып қауіпсіз жерге көшірді. Медициналық қызметі жолда қалған автокөліктердің ішіндегі жарақат алған (тонып қалған) адамдарға алғашқы медициналық көмек көрсетті. ЖПУ-77 мекемесі қар құрсауында бұзылып қалған автокөліктерді қауіпсіз аймаққа тартып жеткізді.
Кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі ММ қызметкерлері қауіпсіз аймаққа көшірілген халықты азық-түлікпен және «Көздер-ай» кафесі арқылы ыстық тамақпен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізді. «Қыс – 2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында азаматтық қорғау құрылымдарының күшпен құралдары дайындыққа келтіріліп, іс-әрекеттері пысықталды.