АЙМАҚ БАСШЫСЫ АҚЖАЛ КЕНТІНДЕ!

АЙМАҚ БАСШЫСЫ АҚЖАЛ КЕНТІНДЕ!

Ауданға қарасты Ақжал кентіндегі Ә.Сәлімбаев атындағы спорт кешені жанынан "Nova Цинк" кәсіпорнының демеушілігімен бокс және күрес залдарына арналған ғимарат ашылды. Спорт нысанының ашылу салтанатына облыс әкімі Е.Бөлекпаев арнайы қатысып, бокс және күрес залына қосымша 1 жаттықтырушы штаты берілетіндігін айтып, заманауи теледидарлар сыйға тартты.
Қажетті барлық спорт құралдарымен жабдықталған жаңа ғимаратта енді жасөспірім балалар бокс және күрес түрлерімен емін – еркін айналыса алады. Осыдан кейін, облыс әкімі "Nova Цинк" кен орнында болып, кәсіпорынның локальдық отқазандық жылу жүйесінің жағдайымен және шахталық әдіспен кен өндіретін цех ішін аралап, жұмыс барысымен танысты. Бүгінде Қазақстан аумағында қорғасын мен мырыш өндіру бойынша "Nova Цинк" ЖШС –гі ең ірі кәсіпорындардың санатында. Қорғасын-мырыш кенін өндіру негізінен жерасты тәсілімен жүргізіледі. Кәсіпорын соңғы үш жылда жерасты кенішінің құрылысына 70 миллиард теңгеден астам инвестиция құйған. Нәтижесінде биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 42606,8 млн. теңгенің өнімін өндірген екен.
Кәсіпорын жұмысымен танысқаннан кейін, аймақ басшысы мен облыстық басқарма басшыларының қатысуымен кенттегі мәдениет үйінде тұрғындармен кездесу өтіп, бұқара қауым тарапынан көтерілген сұрақтарға жауап берді.