
Бүгін мерейлі мереке Республика күніне орай Өспен ауылында балалар үшін тағы бір қуанышты жағдай болды. Ауыл тұрғындары көптен күткен жаңа елу орындық «Інжу» бөбекжайы ашылды.
Балабақшаның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары М.Жумкин, Өспен ауылдық округінің әкімі М.Нұрмұхамбетұлы сөз сөйлеп, жылы лебізін жеткізсе, ауыл ақсақалы Т.Мақажанов ақ батасын беріп, балабақша ұжымына табысты еңбек тіледі.
Шет ауданы әкімінің орынбасары М.Жумкин мен ауыл ақсақалы Т.Мақажанов лента қию рәсімін жасаған соң, ақ жаулықты аналар шашу шашып, кент тұрғындары бір-біріне құтты болсын айтып жатты. Шарада ауыл өнерпаздары мың бұрала би билеп, әннен шашу шашты.
Ауылдың дәл ортасында орналасқан балабақшаның көркі алыстан көз тартады. Таңертеңгі сегізден кешкі алтыға дейін балаларына еш алаңдамастан жұмыстарын тындыра беретін ата-аналардың да балабақша туралы пікірлері оң. Балабақшадағы білікті мамандар баланың қабілетін ашып қана қоймай, жан-жақты дамуына тікелей ықпал етеді. Айта кетейік, балабақша бөлмелері кең, жылы әрі жарық. Мұнда екі топ болса, әр топта 25 бала бар және 1 мен 6 жас аралағындағы балалар қабылданды.
Бүлдіршіндеріміз алаңсыз өсіп, оқып, тәуелсіз мемлекетіміздің бақытты да білімді азамат-азаматшалары болсын! Әрбір баланың жүзіне күлкі үйіріп, жүрегіне жылу мен мейірім ұялата білген «Інжу» балабақшасы балалардың шат күлкісіне толы болсын демекпіз!