РЕСПУБЛИКА КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

РЕСПУБЛИКА КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Аудандық мәдениет үйінде 25 – қазан Республика күніне арналған «Нұрланған нұрлы Қазақстаным» атты салтанатты жиын өтті. Айтулы шараға аудан әкімі М.Мұхтаров арнайы қатысып, тұрғындарды мәртебесі биік мемлекеттік мерекемен құттықтап, мән - маңызына тоқталып өтті. Сондай – ақ, аудан басшысы шежірелі өлкемізде түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген бір топ сала қызметкерлеріне еліміздегі денсаулық сақтау министірінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын, “Аманат” партиясы төрағасының “Белсенді қызметі үшін” төсбелгі, алғыстарын және аудан әкімінің “Құрмет”, «Алғыс» хаттарын табыс етті. Сонымен қатар, “Үздік маман иегерлері” номинацияларының жеңімпаздары аудан әкімінің дипломы мен естелік сыйлықтарымен марапатталды.
Ресми жиыннан кейін, кезек мерекелік бағдарламаға беріліп, кешке арнайы шақырылған Қазақстанның халық әртісі Бағдат Самидинова көпшілікке ән шашуларын жолдады. Сондай –ақ, әні мен мәні үйлескен шарада жерлесіміз, талантты өнерпаз Данияр Дүйсенбаев “Ақсу-Аюлы - бабалар мекені» атты әнінің тұсауын кесті. Осыдан кейін, аудандық мәдени – сауық орталығының өнерпаздарының орындауында әсем әндер айтылып, қалың көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.