
Ықылам заманнан топырақ астында қалған рухани қазынамызды іздестіру шаралары күн тәртібінен түскен емес. 2019 жылы Талды өзенінің сол жағалауында орналасқан Ақкезең қалашығы қазылды. Үй кабырғаларының сырты граниттік тақта тастармен қаланған. Қоныс еденінен жылытқыш және қорек әзірлеуге арналған тас ошақ, бір бұрышында тұрған мүсінтас табылды. Қоныстан қарулар және қоладан жасалған құралдар, тас құралдары, мүйізден және сүйектен жасалған әшекейлер табылған.
Жуырда осы Ақкезең қалашығы маңында археологиялық-этнографиялық фестиваль болып өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов, аудан әкімі Мұхит Мұхтаров, алыс-жақын шет елдерден арнайы келген және отандық ғалымдар қатысты. Қарағанды облысының мәдениет басқармасы, Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі және тарихи мұраны қорғау орталығы ұйымдастырған “Талды әлемдік өркениеттер тоғысында" атты халықаралық археологиялық этнографиялық фестивалі аясында ғылыми-практикалық конференция болып өтті.
Конференцияда «Беғазы-Тасмола» тарих және археология ғылыми-зерттеу” орталығынан (Алматы қаласы) тарих ғылымдарының кандидаты Арман Бейсенов, Анкара университетінен ғалым Серхан Чинар, сондай-ақ, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен келген ғалымдар мен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Университеті археолог зерттеушілері дала өркенитінің қайталанбас құндылықтары туралы қызықты деректерімен бөлісті.
Оннан астам киіз үйлер тігіліп, арнайы келген қонақтар, студенттер ашық аспан астындағы қалпына келтірілген көне замандағы үйді, ондағы қыш ыдыстар мен басқа да қойылған жәдігерлерді, сондай-ақ, адақ ату, атқа міну, құсбегілік тәрізді ұлттық салт дәстүрлерімізді қызықтап, дала сахнасында “Арқайым” тобының, “Арқа сазы” ансамблінің концерттік бағдарламасын тамашалады.
Түс ауа фестивальға келген барша көпшілік мінген жиырмаға тарта көлік Жаңа жұрт ауылының іргесіндегі “Қаражартас” пирамидасына жол тартты.
Фестиваль жоғары деңгейде өтті. Көпшіліктің ортасында жүргендіктен осы шараға арнайы келген азаматтардан аудан басшыларына және осы шараның басы-қасында жүрген барша азаматтарға ризашылықтарын білдіріп жатты.