
Ардақты ұстаздар! Қадірменді педагогтар
Ұрпаққа сапалы да саналы білім беретін мұғалім тұлғалар біз үшін қай уақытта да ерекше құрметке ие. Себебі, ұстаз – жарқын болашағымыздың бағыт - бағдар беріп, сара жолды нұсқайтын қастерлі темірқазығы. Елімізде қазан айының бесі ұстаздар күні ретінде белгіленді. Ендеше, Сіздерді бүгінгі төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды. Тарихы терең дәстүр сабақтастығы ұлттық тәрбие арқылы беріледі» -деген болатын. Расымен де, мұғалімге құрмет көрсету арқылы біз білімді терең меңгеріп, ғылымды игеруге жол ашамыз. Адамшылық қалыбымызды түзеп, арман-мұратымызға асықпай жетеміз. Бүгінде ұлағатты ұстаздарымыз ауданымыздағы іргелі білім ошақтарында мыңдаған шәкіртті тәрбиелеп, күн сайын жаңа жетістіктерімен қуантуда. Осынау ұрпақ тәрбиелеу жолындағы қиын да құрметті еңбектеріңіз үшін Сіздерге ата – аналар мен шәкірттеріңіздің, жалпы аудан жұртшылығы атынан басымызды иіп, шынайы алғысымды білдіремін. Біліммен баулып, биікке ұшыратын оқушыларыңыздың оқуда озат, өмірде елжанды азамат болуына ниеттеспін! Мәртебелеріңіз асқақтап, абыройларыңыз арта берсін! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін! Еліміздің ертеңі нұрлы, аспаны ашық болсын!
Құрметпен,
Шет ауданының әкімі М.Мұхтаров