
Еліміздегі мемлекеттік мереке Конституция күні ауданымыздағы баспанаға мұқтаж отбасылар үшін айрықша есте қалар күн болды. Мереке қарсаңында аудан әкімі Ақсу – Аюлы, С.Сейфуллин елді мекендеріндегі әлеуметтік осал топтағы және көп балалы отбасылар санатында үй кезегінде тұрып келген 6 отбасыға жаңа пәтердің кілттерін табыстаған болатын. Игілікті іс Ақадыр кентінде де өз жалғасын тауып, 24 отбасы мерекені жаңа шаңырақта қарсы алуға мүмкіндік алды. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жуырда Ақадыр кентінде 24 пәтерлі тұрғын үй құрылысы аяқталған болатын. Осыған дейін үй кезегінде тұрып келген отбасылар қуанышқа кенеліп, мұндай игілікті іске мұрындық болған аудан әкімі мен барша ел азаматтарына шынайы алғыстарын білдірді. Өз кезегінде тұрғындар қуанышына ортақтасқан аудан әкімі М.Мұхтаров мен аудандық мәслихат төрағасы С.Социал бұл жұмыстардың алдағы уақытта жалғасын табатынын жеткізді.