
Ауданымызға қарасты Үңірек ауылында ел үшін ерен ерлік жасап, елге еңбегі сіңген тарихи тұлға, батыр Сазанбай Жетесұлына арналған ескерткіш ашылды. Аталмыш ескерткіштің ашылу салтанатына батыр рухына шексіз құрметпен жиналған алыс-жақыннан келген қонақтар мен тұрғындардың қарасы қалың болды. Шара шымылдығы батырдың аруағына құран бағыштаудан басталып, ескертіктің лентасын қию құрметі аудан әкімі М.Мұхтаров пен академик, филология ғылымдарының докторы, тарихшы, өлкетанушы С.Негимовке берілді. Өз кезегінде аудан басшысы жұртшылықты осынау мерейлі қуанышпен құттықтап, «Теңдесі жоқ ерліктің символындай бұл ескерткіш елге керек, келешек ұрпаққа керек, қазақтың ынтымақ-бірлігі үшін керек. Бұл ескерткіш – халқымыздың қаhармандығы мен бірлігінің куәсі. Жас ұрпақты патриотизмге баулуда баға жетпес үлгі-өнеге болып қалатындығы сөзсіз» , – деп, тарихи тұлғаның ғибратты ғұмыры мен өрнекті өнегесіне тоқталып өтті. Сонымен қатар, шара барысында Сазанбай батырға арналған ғылыми – танымдық конференция өтті. Батырдың рухына арналған ас беріліп, аламан бәйге, құнан жарыс, қазақша күрес, асық ату, арқан тартыс, қой көтеру сынды ұлттық ойындардан сайыстар ұйымдастырылып, жүлдегерлер батыр ұрпақтарының демеушілігімен тағайындалған бағалы сыйлықтарға ие болды.