
Аудан әкімі М.Мұхтаров арнайы іс - сапар барысымен ауданға қарасты С.Сейфуллин, Өспен елді мекендерінде болды. С.Сейфуллин кентінде болған сапар барысында аудан басшысы салынып жатқан тұрғын үй мен және екі қабатты тұрғын үйдің қасбетін жаңартуға бағытталған жұмыстарды көріп, жауапты мердігерлермен кездесті. Айта кетейік, қазіргі таңда кенттегі көп балалы отбасыларға және әлеуметтік осал топтағы кезекте тұрған отбасыларға жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлердің біреуі алдағы мерекеге орай, табысталады деп күтілуде. Осыдан кейін, Өспен ауылдық округінде болған аудан басшысы алдымен биылғы жылы Айса ауылында салынған футбол алаңын көріп, жауапты басшылықпен алдағы уақытта Айса ауылындағы таза ауыз су мәселесін шешуді талқылады. Сондай -ақ, Өспен - Айса бағытындағы жолға төселіп жатқан асфальттың сапасын қарап, жауапты мердігерге осыған дейін төселінген жол бөліктерінің ақауын қайта қалпына келтіруді айтып, Өспен ауылының абаттандыру, тазалық жұмыстарын аралады.