ҚЫЗЫЛТАУ АУЫЛЫ 70 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫН АТАП ӨТТІ

ҚЫЗЫЛТАУ АУЫЛЫ 70 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫН АТАП ӨТТІ

Ауданымызға қарасты Қызылтау ауылының 70 жылдық мерейтойы аталып өтті. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген, алдымен осы өңірде туып, шаруашылықтың дамуына, ауылдың өркендеп өсуіне атсалысқан бүгінде өмірде жоқ азаматтардың рухына бағышталып құран оқылды. Шараның салтанатты ашылуында аудан әкімінің орынбасары О.Стыбаев құттықтау сөз сөйлеп, барша жиналғандарға ізгі тілектерін арнады. Салтанатты шарада белгілі әнші, қоғам қайраткері Ерлан Төлеутай құттықтау сөзін арнап әннен шашу шашты.
Осы мерейтойды өткізуге атсалысқан бір топ азаматтар аудан әкімінің және ауыл әкімінің Алғыс хатымен, сондай-ақ, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Мұнан соң қаз-қатар тігілген киіз үйлерде тойға келген барша қонақтарға молынан дастарқан жайылып, дәм беріліп, тойдың ең қызықты сәттері балуан күрес, арқан тартыс, қол күрес, көкпар және аламан бәйгемен айшықталды.
Кешкілік мерейтой эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концертке ұласты.
70 жылдық торқалы тойдың тайқазанын тасытып, киелі даланың қазыналы қуанышын жоғары дәрежеде ұйымдастыра білген барша ел жанашырларына ауыл халқы атынан алғысымызды айтып, мәртебелі мерейтойларымен құттықтаймыз!
Алдағы уақытта да Қызылтаудың абыройы аспандап, ұлағатты ұл мен қызы алты Алашқа таныла берсін деп тілейміз!