ТАҒЫЛЫ ТӨРІНДЕ ТОРҚАЛЫ ТОЙ ӨТТІ

ТАҒЫЛЫ ТӨРІНДЕ ТОРҚАЛЫ ТОЙ ӨТТІ

Биыл Шежірелі ауданымыздың Жұмыскер ауылына тоқсан жыл толып отыр. Аталмыш мерейтой басталмас бұрын ауылдың дамуына, өсіп-өркендеуіне атсалыс-қан, бүгінде өмірден өтіп кеткен барша азаматтардың әруақтарына құран бағышталды.
Сондай-ақ, ауыл маңына арнайы әсем безендіріліп жасалған сахнада аудан әкімінің м. а. Д.Карсембаев, кезінде жиналған көпшілікті мерейтоймен құттықтап, осы мерейтойдың өтуіне мұрындық болған барша елжанды азаматтарға алғысын жеткізді. Салтанатты шарада сондай-ақ, Түркия, Оңтүстік Корея елдерінен келген шетелдік қонақтар да ақ тілектерін білдіріп жатты.
Құттықтаулар мен жылы тілектер молынан төгілген салтанатты жиында Қарағанды қаласының Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестігі, “Арқа сазы” фольклорлық ансамблі өнерпаздарының орындауындағы күйлер мен тамылжыта шырқаған әндер мереке шырайын одан әрі асқақтата түсті.
Шарада көпшіліктің қызықтап, тамашалағаны көктен төмен түскен парашютшілердің әуеде шоу көрсетуі болды. Сондай-ақ, ауыл әкімінің арнайы шақыртуымен "ҚазАгроҚаржы" АҚ-ы ауылшаруашылығы техникаларының көрмесін ұйымдастырды.
Мерекелік концерттен кейін, қонақтар ауылдың азаматтары тіккен киіз үйлерден дәм татып, торқалы тойға арналған ұлттық спорт сайыстарын тамашалады.
“Туған жерге туың тік” демекші, дүбірлі даланы думанға бөлеп, бұқара қауымның мәртебесін биіктеткен торқалы тойға осы өңірде туып-өскен жандардың баршасы атсалысты. Аудан әкімі ауылдың 90 жылдық мерейтойына орай абаттандыру жұмыстарына бюджеттен қаржы бөлдіріп, бүгінде ішкі көше жолдарын жөндеу мен жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде.
Жұмыскер ауылы осылайша дүркіретіп той жасап, бірлік пен ынтымақтың үлгісін көрсетті. Атам қазақ ұрпақтарына «Ырыс алды - ынтымақ» деп өсиеттеген, олай болса Жұмыскер ауылының ырысы әрдайым мол болып, ертеңгісі бүгінгісінен де ғажап болғай!