
Облыстың су айдындарында бір аптада төрт адам суға батып кетті. Мұндай қайғылы оқиғалар азаматтардың жабдықталмаған жерде шомылуынан және суға түсу ережелерін сақтамау салдарынан орын алған.
Алғашқы қайғылы оқиға 3 маусым күні Нұра ауданында болды. Нұра өзенінде Егінді ауылынан 3 км қашықтықта 2009 жылы туған қыз суға батып кетті. Құтқарушылардың күшімен суға батқан қыздың денесі оқиға орнынан шамамен 15 м қашықтықта денесі табылып, жағаға шығарылды.
Екінші жағдай келесі күні Бұқар Жырау ауданында орын алды. Нұра өзенінде достарымен демалыста болған 1997 жылы туған ер адам суға батып кеткен.
6 маусым күні Қарағанды қаласындағы Федоровка су қоймасында 2004 жылы туған жас жігіт тыйым салынған жерде суға түсу кезінде суға батып кеткен. Оқиға туралы құтқарушыларға бірге демалыста болған достары хабарлаған. Құтқарушы-сүңгуірлер суға батқан адамның денесін жағадан 8 метр қашықтықта, 3 метр тереңдіктен тапты. Аталған су су қоймасының түбі біркелкі емес, тереңдігі күрт төмендейтін учаскелер бар.
7-ші маусым күні сағат 19:00 шамасында Бұхар-Жырау аудынының Қушоқы кентіне жақын жердегі Сатпаев атындағы су каналының айналма (водоворот воды) суына 1983 жылы туған ер азамат секіріп сүңгіген. Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Сонымен қатар, өткен демалыста Павлодар облысында фонтанда шомылып жүрген баланы тоқ соққан. Ондай жерлерде суға түсуге мүлдем тыйым салынады. Сондықтан осындай қайғылы жағдайлар орын алмауы үшін балалардың суға түсуіне жол бермей, қараусыз қалдырмауларыңызды сұраймыз.
Жалпы жыл басынан бері елімізде 45 адам суға батып кеткен, оның 14-і – балалар. Өткен жылы елімізде 242 адам суға батып кетті, оның ішінде 77-сі кәмелетке толмағандар. Ал 2021 жылы 424 адам болған еді, оның ішінде 131 кәмелетке толмағандар болды. 2021 жылмен 2022 жылды салыстырсақ, адам өлімі 43%-ға, балалар 41%-ға азайды.
Бұл ретте құтқарушылардың еңбектері өте көп. Биыл қаңтар айынан бастап 50 адам құтқарылды, оның 41-ін ТЖМ күштері, 8-ін куәгерлер, біреуін полиция құтқарды. 2022 жылы 308 адам құтқарылды, оның ішінде 102 кәмелетке толмағандар. 2021 жылы 337 адам құтқарылды, оның ішінде 64-і кәмелетке толмағандар.
Судағы қайғылы оқиғалардың негізгі себептері жабдықталмаған жерлерде шомылу, мас күйінде шомылу, сондай-ақ балаларды қараусыз қалдыру болып табылады. Қоғамдық орындарда, оның ішінде жағажайларда және су айдындарында мас күйінде жүрген азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз. Мүмкіндігінше судағы тәртіп ережелерімен танысу, жақын жерде құтқарушылар мен дәрігерлер бекеті бар жабдықталған жерде шомылу керек.
Суда қауіпсіз демалу адамның өзін-өзі ұстау тәртібіне байланысты.Өзіңізді және отбасыңызды қорғау үшін мынадай ұсыныстарды орындау қажет:
- Жүзуге тыйым салатын белгіні көрсеңіз, тәуекел етпеңіз.
- Егер жүзе алмасаңыз, белден жоғары суға түспеңіз!
- Балаларды қараусыз қалдырмаңыз!
- Мас күйде шомылмаңыз. Бұл – судағы адам өлімінің негізгі себебі.
- Таныс емес жерлерде суға түспеңіз!
- Түнде суға түспеңіз!
- Шомылуға арналған орындарда арнайы орнатылған қоршаулардан асып жүзбеңіз. Бұл – ескерту белгісі. Ұзақ жүзу – бұл гипотермия, бұлшықеттің шамадан тыс жұмысы, дененің құрысып қалуы, ал оның соңы өлімге әкелуі мүмкін.
- Суда ерсі әрекеттер жасамаңыз. Суға малтып, жүзіп жүргендерге тап бермеңіз, өзгелерді қорқытпаңыз.