
Ағымдағы жылдың 1-2 маусым аралығында ауданымызға қарасты Ортау ауылында Қарағанды облысы аумағындағы табиғи өрттерді сөндіру бойынша ауқымды өрт-тактикалық оқу-жаттығуы өтті.
Оқу-жаттығудың тақырыбы: «2023 жылғы өрт қауіпті кезең жағдайында төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-шараларға мемлекеттік органдардың, Азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің аумақтық кіші жүйесінің күштері мен құралдарының дайындық деңгейін жетілдіру».
Оқу-жаттығу жергілікті атқарушы органдардың, орман шаруашылығы мекемелерінің, өртке қарсы ерікті құрылымдармен ТЖД бөлімшелерінің табиғи өрттердің алдын алу және жою, тартылатын күштер мен құралдардың дайындығын тексеру және т. б. өзара іс-қимылдарын пысықтау мақсатында өткізілді.
Тактикалық оқу-жаттығуға Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Н.Бекбосынов штаб басшысы және Шет ауданы әкімінің орынбасары Д.Карсембаев штаб басшысының орынбасары ретінде басшылық етті. Сонымен қатар, Қарағанды облысының ТЖД, ҚР ТЖМ №52859 әскери бөлімінің, орман шаруашылығы мекемелерінің, полөрт сөндіру бекеттерінің күштері мен құралдары, ерікті өрт сөндіру құрылымдары, медициналық қызмет және қоғамдық тамақтандыру қызметі жұмылдырылды. Сондай-ақ, оқу-жаттығуға аудандар мен облыстық азаматтық қорғау қызметтерінің басшылары шақырылды.
Оқу-жаттығу барысында табиғи өрттің шығуына әрекет етудің шартты жағдайы әзірленді. Жоспарға сәйкес, желді және құрғақ ауа райына байланысты өрт дала массивіне және іргелес жатқан тоғайлардың ағаштарына тез тарады. Орман өрт сөндіру бекетінің күштері мен құралдары, Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері, Шет ауданының ерікті өрт сөндіру құрылымдары өртті сөндіру шараларын жүргізді. Жергілікті полиция қызметі тұрғындардың өртеніп жатқан аймаққа кіруіне жол бермеу үшін өрт ошақтарын қоршауды ұйымдастырды. Ерікті өрт сөндіру бөлімшелерінің және орман өрт сөндіру бекеттерінің тракторларымен өрттің таралуына жол бермеу мақсатында жер жырту жұмыстары жүргізілді. Медициналық қызмет зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетті. Қоғамдық тамақтандыру қызметі өртті сөндіруге қатысқан жеке құрамға тамақ ұйымдастырды.
Шартты өртті сөндіру үш учаскеде лафеттік, қол өрт оқпандарын, "Ермак" жылжымалы кешендерін және басқа да құралдарды (хлопушкалар мен аспалы өртсөндіргіштер) қолдана отырып жүргізілді.
Жалпы күш-құралдарымен шартты табиғи өрт жойылды. Өртенген жерлерді қосымша барлау және су құю жұмыстары жүргізілді.
Жаттығуға барлығы 115 адам мен 22 техника жұмылдырылды. Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша оқу-жаттығуды талдау жүргізіліп, онда тартылған күштердің іс-әрекеттеріне штаб басшылығы тарапынан баға беріліп, жауынгерлік қабілеттілік деңгейін арттыру жолдары көрсетілді.
Оқу-жаттығу жиынын ұйымдастыруға ат салысқан Ортау ауылының тұрғындарына және оқу-жаттығу жиынына қатысқан барша азаматтарға алғыс білдіреміз!