
Бүгін 31 мамыр - Саяси қуғын – сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай, ауданымыздағы саяси қуғын – сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш алаңында «Зұлмат жылдар – жан жарасы» атты митинг өтті. Еске алу митингісіне аудан әкімі М.Мұхтаров, әкімдік қызметкерлері мен ауданымыздың үлкендері қатысты. Аталмыш шарада аудан басшысы «ХХ ғасырдың 30 – 40 жылдарындағы жаппай саяси қуғын – сүргін миллиондаған адамдарға қайғы – қасірет әкелді. Қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтан халқымыз 40 пайыз санынан айырылды. Ұлтымыздың бетке шығар жақсылары мен жайсандары жаппай репрессияға ұшырады. Бір ғана ауданымыздағы қорымда қуғын – сүргін және ашаршылық жылдары аштан өлген 400 - ден астам адам жерленген екен.» - деп тебірене сөз сөйледі. Өз кезегінде ауыл ақсақалы Е.Байжанов қаншама өз естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар, аудандық «Жаңғұтты би» атындағы мешіттің бас имамы Б.Маханбетчин жазықсыз құрбан болған марқұмдар рухына құран бағыштап, жиылған қауым ескерткіш белгіге гүл шоқтарын қойды.