
Кеше аудан орталығындағы мәдениет үйінде халқымыздың біртуар тұлғасы, шертпе күй шебері, танымал актер, жерлесіміз Әбікен Хасеновке арналған “Күй керуені” республикалық күйшілер байқауы өтті.
Айтулы шараның ашылу салтанатына аудан әкімі М.Мұхтаров қатысып, барша жұртты байқаудың ашылу салтанатымен құттықтап, Әбікен Хасенұлының өмір жолына тоқталып өтті.
Сондай - ақ, аудан басшысы дүбірлі доданың мән - маңызын арттырып шараға арнайы келген Әбікен Хасеновтың ұрпақтары мен қазылық құрам мүшесіндегі елімізге танымал күйші, өнертанушы азаматтарға алғысын білдірді.
Байқаудың бірінші кезеңі Әбікен Хасеновтың “Қоңыр” күйі мен кез келген Арқаның шертпе күйлерінің біреуін орындау бойынша болып, бұл кезеңде жалпы 21 қатысушының 12 і екінші кезеңге жолдама алды. Байқаудың екінші кезеңі бойынша қатысушылар жергілікті күйшілер Қыздарбек, Әбди, Сембек, Итаяқ пен Дәулетбектердің күйлерінен екі күйден орындады. Тыңдарманын тебірентіп, саусағымен сыр сандықты дөп басқан талантты жас күйшілердің бағасын әділқазылар алқасы анықтап, осынау шараға қатысушыларға алғыстарын білдіріп, ізгі тілектерін жолдады.
Сонымен қазылар алқасының шешімі бойынша байқаудың ІІІ орыны мен әрқайсына 150 мың теңгелік қаржылық сыйлықты Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданынан келген Мұқатаев Қасиет пен елордалық күйші Бекзада Достиярова өзара бөлісіп, ІІ орын мен 200 мың теңгелік сертификат Жетісу облысынан келген Мүкен Мұхитқа бұйырды. Ал, жүлделі І орын мен 300 мың теңгелік сертификатқа Алматы облысынан келген Бексұлтан Бекет ие болып, республикалық байқаудың бас жүлдесі мен 400 мың теңге ақшалай сертификаты жерлесіміз дәулескер күйші Дәулетбек Сәдуақасовтың немересі, жас талантты күйші Жүсіп Дәулетбек қанжығалады. Сонымен қатар, астаналық Нұрлан Әйгерім, Жайлыбай Әзиз, Алматылық Шонбаев Сырым, Мәуетбек Лунара, Жарқыннұр Ержанат республикалық байқаудың дипломы мен 20 мың теңгелік сертификатымен және Қарағандылық Кубат Темірлан мен Павлодар облысынан келген Тохан Қайрат Ә.Хасеновтың ұрпақтары дайындаған 100 мың теңге қаржылай сертификат пен арнайы жүлдемен марапатталды. Барлық өзге де қатысушылар аудан әкімінің алғыс хаты мен қаржылай ынталандыру сыйлықтарына ие болды.