Ұлыстың ұлы күні ұлықталды

Ұлыстың ұлы күні ұлықталды

Түркі әлемінің әріден келе жатқан Наурыз мейрамы бүгін аудан орталығында әдеттегідей, ерекше салтанатпен тойланды.
Мерекенің шымылдығы «Наурыз – көктем мен достықтың мерекесі» атты театрландырылған мәдени – көпшілік көрініспен ашылып, шеруге ұласты, шеруді салт ат мінген батыр бабалар бастап, ат бегілер мен құс бегілер, сал- серілер, Қызыр ата, Ұмай ана, Наурыз қыз, әжелер мен аталар, қыз- келіншектер «Наурыз-керуен» бастап шықты. Сондай-ақ, қалың қар астынан тысқа ұмтылған жасыл желек бәйшешектердің бұлқынысын театраландырылған қойылыммен жалғасты. «Мал төлдеп, қой қоздап, сүттен бұлақ ағызған, Молшылыққа аңыз боп, басталыпты Наурыздан» деп Қыдыр ата ақжайықтықтарға ақ батасын берсе, Жер ана ақжаулықты әжелермен баршаны пәле-жәледен аулақ болуды меңзеп, айналаны отпен аластап шықты.
Жиналған қалың қауымды аудан әкімі М.Мұхтаров мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Наурызда бұл жолы да халықтық мұралардың, дәстүр байлығының молынан көріністелуі, оған халқымыздың ынтасы мен ниетінің асқақтығы аңғарылды. Сонымен қатар, аудан тұрғындарына халқымыздың ұлттық тағамдары таратылды. Сөйтіп, халқымыздың бірлігі мен ынтымағы тағыда жарқырай көрінді.
Сонымен қатар, алаңда осы күні спорттық шаралар да жанкүйерлердің қызу қолдауымен тартысты өтті. Балуандар қой көтеріп, білек күшімен мықтылығын көрсетсе, ауданымыздың азаматтары арқан тартысып, ат үстінде аударысып күштерін сынға салды.
Баршаңызды Наурыз мерекесімен құттықтаймыз!