
Кеше ауданымызға қарасты Үңірек, Өспен ауылдық округтері мен С.Сейфуллин кенті әкімдері тұрғындар алдында есеп беру кездесулерін өткізіп, атқарылған жұмыстары және алдағы жоспарларымен бөлісті. Аталмыш кездесулерде аудан әкімі М.Мұхтаров пен аудан әкімінің орынбасары О.Стыбаев және сала бөлім басшылары тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Кездесу барысында жайылым жер алу, электр қуатының тұрақсыздығы, медициналық көлік, көшелерге жарық бағаналарымен асфальт төсеу сынды ортақ және азаматтардың көкейкесті жеке мәселелері де көтерілді. Жиындарда көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмайтынын жеткізе отырып, аудан басшысы бірқатарына жауап беріп, алдағы уақытта жасалатын жұмыстарға тоқталып өтті. Сондай-ақ, кездесу соңында аудан әкімі жеке қабылдау өткізіп, кездесуде түскен ұсыныс-пікірлер алдағы жұмыс жоспарына алынды.